Жаңалықтар ФУРО

Жаңақорған ауданында тірек мектеп ашылды

Жаңақорған ауданында жаңартылған тірек мектебі ауыл тұрғындарына таныстырылды. Ауданда Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Назарбев зияткерлік мектептері мен «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен алғашқы тірек мектеп ашылды. Мектеп серіктестерді «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының екінші кезеңіне енген.

№286 Жаңақорған орта мектебіне бүгін ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ардагерлер мен оқу орнында білім алып жатқан балалардың ата-аналары жаңартылған мектеппен танысуға келді.

300 оқушыға арналған мектепте 26 жаңа негізгі пәндік және 10 қосымша білім беруге арналған кабинет, жалпы 36 кабинет жаңартылды. Олардың қатарында STEM-лабораториялар, робототехника мен арнайы арт-студия, киностудия да бар.
Ең бастысы, жоба аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары өткізілді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы мектептердегі білім сапасын өсіруге, қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын азайтуға бағытталған.

Нәтижесінде негізгі пән ұстаздарының да жұмысы өзгерді. Физика пәні мұғалімі Ақмарал Садырқызының айтуынша енді олар көптеген эксперименттерді енді іс жүзінде жасай алады: «Физика пәнінің кабинетіне жабдықтарды тапсырыс беруге өзім де қатыстым. Енді мектеп бағдарламасының енген барлық тәжірибелер жасауға мүмкіндігіміз бар. Мәселен, Roqed панельдер мен Энштейн лабораториясымен математикалық маятник тербелісі мен формуласын іс-жүзінде көрсете аламыз. Бұл бір ғана мысал. Яғни, балаларға түсіндіруіміз де жеңілдеді, оқушылар да жылдам қағып алады», - дейді ұстаз.

Жаңарқорған мектебі биылдан бастап және алдағы 3 жыл көлемінде Назарбаев зияткерлік мектептерімен тығыз жұмыс жасайды. НЗМ педагогикалық шеберлік орталығы ауыл ұстаздарына арнап арнайы оқыту бағдарламасын өткізеді. Сондай-ақ, жыл сайын мектепте білім деңгейінің мониторингі жүргізіледі.
Мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетті.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы білім беру кеңестігі мен үдерістеріне жаңа әдістерді әкеліп, ауыл баласының жоғары деңгейде білім алып, біліктілігін қалыптастыруға бағытталған. Былтыр Аралдағы мектепті жаңарттық. Жаңақорған Қызылорда облысындағы екінші тұрағымыз. Жосалы ауылында да жақын арады толыққанды тірек мектебі пайда болады», - дейді Лаззат Шыңғысбаева.

Жобаның бастамасы болған Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, 2019 жылы жобаға Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан 5 мектепті алынған. «Жұмыс барысында қарай оң өзгеріс барын, мектеп жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын түсіндік. Үш жылдың ішінде мектептердегі оқу сапасы жалпы алғанда 10-12 пайызға артты. «Қазақстан Халқына» қорымен бірлесіп, жалпыұлттық жобаға айналдырдық. Серіктестеріміздің қолдауымен әр мектепке шамамен 250 млн теңге қаржы бөлінуде. Бұл қаражатқа мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. AITAS холдингі жобаның операциялық, мұғалімдерді оқытуға кеткен, тренерлердің жолға кететін шығынын өтейді. «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» мұғалімдерді оқытып, қайта даярлауда қолдау білдіреді», - дейді Данияр Тоқтарбаев.
Осылайша, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының 21 мектебі таныстырылды. Серіктестер 2024 жылдың соңына дейін еліміздің әр ауданы мен моноқаласында 200 тірек мектебін ашуды көздеп отыр.

Айта кету керек, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асып отыр.