Жаңалықтар ФУРО

ITSTEP академиясы ауыл балаларын оқытады

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен ITSTEP академиясы ауыл мектептеріндегі оқушылардың техникалық дағдыларын дамыту бойынша екіжақты меморандумға қол қойды.

IT академиясы жобаға қатысушы мектептердің білім беру мүмкіндіктерін арттыру бағытында қолдау көрсетпек. Сонымен қатар академия сарапшылары оқыту материалдары мен білім саласы бойынша кеңестер беріп, іс-шаралар мен семинарларды ұйымдастыруға көмектеседі.

STEP академиясы балалармен қатар, ересектерге де техникалық білім берумен айналысады. 1999 жылдан бері IT саласының көшбасшысы болып келе жатқан халықаралық компанияның 21 мемлекетте 108 филиалы бар. Онда 3 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді.

Академия мамандарының меморандум аясындағы алғашқы жұмысы Ақтөбе облысы, Бестамақ ауыл орта мектебі және Қарағанды облысындағы Күләш Байсейітова атындағы тірек мектебінен басталады. Бүгінде екі бағыт бойынша, 10-11 және 12-16 жас аралығындағы оқушыларға арналған анимация жасау, Python-бағдарлама, ойындар, 3D модельдеу мен веб-сайт жасау сияқты сабақтар өткізіліп жатыр. Академияның бір жылдық оқуына қазір 200 ауыл баласы өтінім беріп үлгерген.

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры AITAS холдингі, «Қазақстан халқына» қоры демеушілігімен және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірге ауыл мектептерін жан-жақты дамытумен айналысады. Олардың қатарында «Рowered by NIS ауыл мектебі» мен «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобалары бар. Осы жобалар аясында 86 ауыл мектебінің материалдық базасы жаңартылып, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілді. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның барлық өңірі мен моноқалаларында тірек мектептер желісін құру.

Айта кетсек, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры ауылдағы білім деңгейін көтеру және ауыл оқушыларының дамуына қолдау көрсететін серіктестер іздеуді жалғастыруда.