Жаңалықтар ФУРО

Мәрсеков мектебінің түлегі республикалық олимпиададан қола медальмен оралды

ШҚО, Ұлан ауданы Р. Мәрсеков атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Қуаныш Мұхаметжан республикалық олимпиадада «құқық негіздері» пәнінен III дәрежелі қола медальмен марапатталды.

26-30 сәуір аралығында Өскеменде өткен олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 180-нен астам дарынды оқушы қатысты.

Р. Мәрсеков атындағы мектеп директорының орынбасары Қарлығаш Ілиясованың айтуынша, Қуаныш Мұхаметжан – биылғы республикалық олимпиаданың екінші жүлдегері. Бұған дейін мектеп оқушысы Сырым Жандосұлы Астанада өткен олимпиадада «құқық негіздері» пәні бойынша жеңімпаз атанып қайтқан.

Дәл осы түлектер сәуір айының ортасында Сүлеймен Демирел атындағы университеттің төрт жылдық грантын жеңіп алған еді.

Еске салсақ, Ұлан ауданындағы Р.Мәрсеков орта мектебі «Ауыл мектебі powered by NIS» жобасына 2019 жылдан бері қатысып келеді.