Жаңалықтар ФУРО

«Бала арманы»: ауыл балалары жайлы деректі фильм жарық көрді

Деректі фильм Атырау облысы, Доссор ауылыны оқушыларының армандары мен кәсіби жолдағы алғашқы қадамдары жайында баяндайды.

Елімізде 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоры, Назарбаев зияткерлік мектептері, AITAS холдингі мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесе ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту жобасын іске асырып келеді. Атырау облысы, Доссор ауылындағы О. Сарғұнанов мектебі – аталмыш оқу орындарының бірі.
Мектеп оқушылары мен STEM Academia компаниясы көпшілікке «Бала арманы» деректі фильмін ұсынды. Фильм мектеп ұстаздары мен оқушылардың өмірі, балалардың арманы мен алдағы жоспарларын баяндайды. Деректің фильмнің сценаристері, бас кейіпкерлері мен сұхбат алушылары – мектеп оқушылары. STEM Academia өкілдерінің айтуынша, бұл туындының жарық көруіне олар тек түсірілім мен фильмнің монтаждау бөліміне қолдау көрсеткен.

Мектеп оқушыларының деректі фильмге қызығушылығы оянғаны бекер емес. Биыл О. Сарғұнанов мектебі тірек мектептерді дамыту жобасына қатысу арқылы жаңадан телестудия, арт-студия сынды балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған кабинеттерге ие болды. Бұдан бөлек, аталмыш жоба аясында мектептің лабораториялары, STEM, робототехника кабинеттері толықтай жабдықталды. Оқушылар деректі фильмде осы бағыттағы жұмыстарды көрсетуді де жөн санағанын айтады.
«Мұхтар Әуезовтің "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген сөзі бар, сол үшін еліміздің бесігі – ол ауыл. Доссор ауылы – тек мұнай өндірумен ғана емес, сондай-ақ талантты әрі білім жастарды тәрбиелеуде алдыңғы қатарда көш бастап келеді. Оқушылардың мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, олардың армандарына қанат бітіру мақсатында оқушылармен бірлесе осы жұмысты жасауды жөн санадық,» - дейді STEM Academia компаниясының атқарушы директоры Залқарбек Мұраталиұлы.
Фильмді STEM Academia youtube-арнасында көре аласыздар.