Жаңалықтар ФУРО

Осакаров ауданындағы жаңарған тірек мектеп балалардың талантын шыңдауда

2023 жылдың қыркүйегінде Қарағанды облысы, Осакаров ауданында орналасқан Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебі көпшілікке таныстырылған еді. Мектеп директоры Мара Ақмағамбетова білім ордасының өзгерістері мен жарты жыл көлемінде жеткен жетістіктері туралы айтып берді.

Директордың сөзінше, биыл ашылған шығармашылық және ғылыми зертханалар оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, алғашқы нәтижелерін де көрсетіп жатыр.
Бұрын көп көзге түсуге талпынбай, көлеңкеде қалып қоятын балалардың қазір мектептегі жұмысқа деген ынтасы артқан. Бұл олардың таланттары мен қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, оқушылардан құралған түсірілім тобы телестудияға жиналып, өздерінің Youtube-арнасында жаңалықтар шығарады. Сондай-ақ балалар Осакаров ауданының полиция бөлімімен бірлесіп " қылмысты бірге тоқтатайық!" деген ұранмен профилактикалық бейнероликтер түсіреді”, – дейді Мара Ақмағамбетова.
Сонымен қатар директор мектептегі пән мұғалімдерінің де NIS IB мен Қарағанды ПШО қызметкерлері ұйымдастырған семинар мен тағылымдамаларға қатысып, кәсіби біліктілігін арттырып жатқанын жеткізді.
Айта кетсек, Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінде қызмет ететін 19 мұғалім бір кездері осы білім ордасынан түлеп ұшқан екен. Мұндағы педагогтердің орташа жас деңгейі – 30-35 жас. Мектеп ұжымы жас болса да, олар балаларға жан-жақты білім беру процесіне бар күшін салады. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жүлдегер, Әлем, Азия және Қазақстан чемпиондары атанып жүр.