Жаңалықтар ФУРО

«Біз үшін маңыздысы – ауыл мектебіне келуіміз»: MIT студенттері Катонқарағай мектебіне жоғары баға берді

Әлемнің ең үздік университеттерінің бірі MIT студенттері Катонқарағай ауылындағы С. Ластаев атындағы орта мектептің оқушыларына ағылшын, физика пәндерінен сабақ берді. Сондай-ақ олар бағдарламалау және ақпараттық технологиялар бойынша арнайы семинарлар өткізді.

АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтының Global Teaching Labs (GTL) бағдарламасымен келген студенттері Ханна Парк (Park Hanna) пен Александр Эдуард (Eduard Aleksandr) мектеп оқушыларының білім деңгейін жоғары бағалады.

Сейітқамза Ластаев атындағы мектеп бес жылдан бері Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, AITAS холдингі және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасының қатысып жатыр.

Атап өту керек, Ластаев ауыл мектебі республикамыздағы үздік аталған Астана және Алматы қалаларындағы мектептермен қатар Global Teaching Labs (GTL) бағдарламасына енгізілді. Бұл ауыл мектебінің үлкен жетістігі деуге болады. Олар – бағдарламаға қатысып жатқан жалғыз ауылдық мектеп.
Ал Ханна Парктің айтуынша, Катонқарағай сапары ол үшін ең тамаша әсерге толы сапардың бірі болған. «Ұшақтан түскенде Астананы алғаш көріп, оның сәулеті мен сұлулығына тамсанған едім. Одан кейін Өскемен қаласы мен Катонқарағайға сапарға шыққанда, бұл мекендердің әдемілігіне таң тамаша болдым. Жалпы, Шығыс Қазақстанның табиғаты мен халқы мені ерекше баурап алды. Мен қазір аздап қазақша сөйлей аламын және маған мұндағы қазақтармен әңгімелесу өте қызықты болды. Алдағы уақытта бұл өлкеге міндетті түрде қайта келемін», – деді Ханна.

Қонақтарымыз өткізген сабақтардан алған әсерімен 7-сынып оқушысы Ернияз Ақтаев бөлісті: «Ханна мен Александрдың берген сабақтары ерекше өтті, көп нәрсені «жастар тілінде» креативті жеткізеді. Сабақтан тыс олармен кітапханада сөйлесіп, ағылшын тілін, мәдениетін үйренуге тырыстық. Олар бізді ғана үйретпеді, біз де оларды өз салт-дәстүрімізбен таныстырдық».

Студенттер Катонқарағайда болған кезінде қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ олар қазақтардың дәстүрлі тойына қонақ ретінде қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, тіпті кейбірін өздері дайындап та көрді.