Жаңалықтар ФУРО

Күйкен мектебінің материалдық базасы жаңарып, инклюзив білім беру кабинеті жасақталды

15 ақпанда Білім беруді тұрақты дамыту қоры Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу ауылындағы Күйкен орта мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасын таныстырды. Іс-шара ашық есік күні форматында өтіп, мектеппен танысуға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, БАҚ өкілдері мен жоба серіктестері, демеушілері келді. Оқыту бағдарламасының нәтижесі айтылып, мектептің жаңарған материалдық базасы көрсетілді. Мектеп мұғалімдері, оқушылар мектептегі өзгерістер туралы пікірін білдірді.

Аталған жоба аясында таңдалған мектептердің білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеу мақсатында жұмыстар жүргізіледі.

Жоба аясында мектептің материалдық базасы да толықтай жаңартылды. Яғни мектептегі 40 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары толықтай жабдықталды. Бұның барлығы «Қазақстан Халқына» қорының 249 825 000 теңге көлеміндегі демеушілік қаражатына алынады.

«Бүгінде ауылдық және қалалық мектептер арасында алшақтық байқалады. Білім беру сапасы, әсіресе, ауылды жерде төмендеп келеді. Бұл мәселені жүйелі және кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірлесе ауылдық тірек мектептерді дамыту туралы шешім қабылдап, олардың іс жүзінде құзыреттілік орталықтарына айналып, басқа мектептердегі оқыту сапасын арттыруға ықпал етуі керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында біз 17 ауылдық тірек мектептерді жабдықтаймыз және оларға әдістемелік қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда өңірлерде 11 мектеп жарақтандырылды. Осылайша ол оқу орындарындағы білім мен дағдылар жақын маңдағы шағын комплектілі мектептерге бағытталады», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Бейнеу ауылы облыс орталығы Ақтау қаласынан 463,1 км қашықтықта орналасқан. Күйкен мектебінің ғимараты 2009 жылы салынған, содан бері жөндеу жасалмаған. Мектеп тек қазақ тілінде оқытады. Қазір мектепте 1732 оқушы бар, сондай-ақ 216 педагог жұмыс істейді.
Осы ретте Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен жоба серіктесі «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандары мектептегі білім беру сапасы мен ортасына қатысты талдау жасады. Оның қорытындысының негізінде білім ордасын тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар беріліп, сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қажет курстар белгілеп, жоспар жасады.
Жоспар бойынша 2022 жылғы 31 қазан мен 1 қарашада Көкшетаудағы НЗМ-де «Оқушылардың функционал сауатын қалыптастыру» тақырыбында барлық пән мұғалімдеріне арналған 2 күндік офлайн оқыту курсы өткізілді. Республикалық «Білім беру бағдарламалары орталығы» (Астана қ.) тренерлері мен Көкшетау НЗМ оқытушы-тренерлері мұғалімдерге мектеп бағдарламасындағы 14 пән бойынша курс жүргізді.

Педагогтерге арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Дегенмен қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді.
Жиында сөз алған мектеп директоры Молдахан Малбасов мектепте жоба қалай басталғанын, дайындық барысын айтып берді. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайда?» демекші, елім деген, білім саласына бей-жай қарамайтын азаматтарымызға алғыс айтқым келеді. Қор директоры Данияр Тоқтарбаев жазда өзі келіп мектеппен, мұндағы жағдаймен танысып кеткен еді. Шыны керек, ұзақ уақыт бойы жоба туралы нақты түсінігіміз болмады. Алматы, Астана қалаларындағы конференцияларға қатыстық, түсініктемелер алдық, енді қазір нәтижеге куә болып отырмыз. Атырау, Ақтау қалаларынан мамандар келіп қарқынды семинар, курстар өткізді. Қойылып отырған талап жоғары. Мектептегі материалды-техникалық база да стандартқа сай жаңарды. Сын түзелді, енді әріптестеріміз бен өзіміз түзелуіміз керек. Жобаның ұйымдастырушылары мен серіктестеріне алғыс айтамыз. Байланыс үзілмесі анық, облыстық білім басқармасына хабар беріп отырамыз. Басқа мектептерде оқушылар демалғанда өз шәкірттеріміз тест тапсырып жүрді, мұғалімдеріміз біліктілігін арттырды. Бұған дейін де мектебіміз аудандағы жақсы білім ордаларының бірі еді. Енді тірек мектеп ретінде тек жақсы тәжірибе бөлісуге тырысамыз», - деді мектеп басшысы.
Мектеп логопеді Берікбол Мұратовтың айтуынша, мектептегі арнайы кабинетте сенсорика, құм терапиясы, логопед бұрышы бар. «Әртүрлі диагнозы бар балалармен жұмыс істей аламыз. Қазір мектепте ерекше жұмысты қажет ететін 8 оқушы оқиды. Бұрын кабинетті өзімізше жабдықтап жүрдік, арнайы кабинет болмады. Жоба аясында қажет құралдар алынып, жаңа мүмкіндіктер пайда болды», - дейді маман.

Жоба AITAS холдингі тарапынан да қолдау тапқан болатын. Холдингке кіретін Aitas Meat Distribution компаниясының бас директоры Гүлнар Әлімғазиева қоғамдағы мектептің рөліне тоқтала кетіп, ұжым мен оқушыларды бүгінгі қуанышты күнмен құттықтады.
«Қазақстан халқына» қоры қолдаған ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыруға бағытталған жобамыз осымен 14-мектебін ашты. Бүгін Маңғыстау облысы Бейнеу ауылында орналасқан Күйкен орта мектебінде жиналып отырмыз.

Жоба аясында білім ордасындағы 40-қа жуық кабинетке оқу құралдары мен көрнекі білім беру материалдары жеткізілді. STEM-лабораториялар, арт-студия мен интеллектум-кабинет, акт залы мен кітапхана оқушылар мен мұғалімдердің игілігіне берілді.

Бұдан бөлек, Күйкен мектебінің инклюзия кабинетінде де үлкен өзгеріс бар. Енді мамандар ерекше білім беру бағдарламасын қажет ететін балалармен кешенді жұмыс жүргізе алады.

Осылайша, Күйкен мектебіндегі жобамыздың бір бөлігі аяқталды. Алдағы 3 жылда мектеп мұғалімдері «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» арнайы оқыту бағдарламаларына қатысып, тәжірибе алмасады. Ал біз бұл жұмыс нәтижесінде оқушылардың білім деңгейі жақсаратынына сенім білдіреміз», - деді ол.
Оқыту бағдарламаларын Назарбаев Зиякерлік Мектептері ақысыз өткізетінін еске сала кеткен жөн. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба операторы – Білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатына өтейді.