Жаңалықтар ФУРО

Баянауыл тірек мектебінің оқушылары Roboland-2024 фестивалінде топ жарды

Қарағандыда Roboland-2024 IX Халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар фестивалі өтіп жатыр. Финалдық жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы, Зейтін Ақышев атындағы мектеп оқушылары жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда, Лабиринт (1-деңгей) санаты бойынша Аманжол Нұрлыбекұлы І орынға ие болды. Ал Лабиринт (2-деңгей) санатында Ақберен Пәзіл мен Ерасыл Тұрғынбаев жүзден жүйрік келіп, І орын биігінен көрінді.
Финалистер Оқу-ағарту министрінің дипломымен және арнайы үздік команда кубогымен марапатталды. Сонымен қатар әр жеңімпазға сыйлыққа Redmi note 13 смартфондары табысталды. Фестиваль үздіктерінің жетекшісі – Данияр Аюпов.
RoboLand – жаңа технологияларға арналған Қазақстандағы ірі робототехникалық форум. 29-30 наурызда Қарағандыда өтіп жатқан финалдық жарысқа 4-18 жас аралығындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Ресейден 300-ден астам команда қатысып жатыр. Қатысушылар 15 санат бойынша бақ сынайды. Финалдағы орындардың біраз бөлігі жарыста үздік нәтиже көрсеткен ауылдық тірек мектептеріне беріледі.