Жаңалықтар ФУРО

Қостанайда жаңа тірек мектеп таныстырылды

Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы Рудный қаласында орналасқан. Мектептің жобалық қуаттылығы 900 адамға арналғанымен, қазір онда 1158 оқушы білім алып, 77 педагог жұмыс істеп жатыр. Мұғалімдердің 100 пайызы біліктілік курстарынан өткен.
«Ауылды жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында мектепке 250 млн теңге қаражат бөлініп, мектептің 41 оқу және зертхана кабинеті қайта жабдықталды. Физика, химия, биология, география, информатика, Абай, Бейімбеттану кабинеттері нағыз заманауи білім беру сыныптарына айналды. Оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған арт және телестудия кабинеттері жаңа үлгіге сай жасақталды.
STEM зертханасы және робототехника кабинеті тереңдетілген білім мен сынақтарға қажетті 3D принтерлермен, интерактивті панельдер мен зертханалық құралдармен қамтамасыз етілді. Информатика және тілдер кабинеті толықтай жаңартылып, заманауи технологияларға сәйкес компьютерлік техникамен жабдықталды.
Сондай-ақ мектепте балалардың физикалық қабілеті мен патриоттық тәрбиесін дамытуды көздейтін «Қазандоп», «Садақ ату» сынды сыныптар пайда болды. Онда қазақтың ұлттық ойындарының аспаптары орнатылған.
Еске салса кетсек, жобаның жүзеге асуына Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ атсалысып отыр.