Кішкенекөл мектебінде 22 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Құралай Сүлейменова мектептегі өзгерістерге барлық мұғалімнің қуанышты екенін жеткізді. «Мектебіміздің жаңа белеске шығуы қуантады. Сабаққа қажет көрнекілік санында шек жоқ. Бастауыш кластарда көрнекіліктің маңызы зор. Осы жаңалық жұмысымыздың өнімді болуына үлес қосады деп сенемін. Әрине, білім жолы – ауыр жол. Дегенмен бұл өзгеріс жолымызды жеңілдете түседі деген тілегіміз бар», - деді білікті ұстаз.
Жиын барысында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Нәзір Жашибеков білім саласындағы мәселелерге тоқтала келе, аталған мектепті таңдау себебін түсіндірді.
«Бізге Білім беруді тұрақты дамыту қоры мектеп модернизациясы мен білім беру сапасын арттыру бойынша жоба ұсынды. Еліміздегі білім беру саласында екі үлкен мәселе бар. Алғашқысы – аймақтық ерекшелік, алшақтық болса, екіншісі – қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтық. Бұған, әрине, себеп көп. Оны өткен тарихпен, қазіргі кезде урбанизациямен байланыстыра аламыз. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мектепті тек материалдық тұрғыда емес, әдістемелік тұрғыда да қолдайтынын айтты. Бұл жерде рухани қолдау барын, қызметкерлер мен оқушыларды жігерлендіру де барын айта кеткен жөн. Қордағы әріптестермен бірге осы Кішкенекөлдегі мектепті таңдадық. Өйткені бұл – облыстағы ең шалғай жатқан ауыл. Осылайша, ауылдың дамуына күш беріп, халықтың қайта алға басуына жағдай жасағымыз келді. Жаңа құрылғылар, дұрыс таңдалған әдістеменің нәтижесін көріп отырмыз. Ендігі кезекте білікті мұғалімдердің көмегімен оқушыларға келешекте өз орнын табуға жол ашамыз деп сенеміз», – деді Білім басқармасы басшысы.
Білім беруді тұрақты дамыту қорының жоба менеджері Аслан Айтахметовтың айтуынша, 2019 жылы жобаға Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан 5 мектепті алынған. «Жұмыс барысында 2022 жылға қарай оң өзгеріс барын, мектеп жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын түсіндік. Үш жылдың ішінде мектептердегі оқу сапасы жалпы алғанда 10-12 пайызға артты. «Қазақстан Халқына» қорымен бірлесіп 2022 жылы жобаға тағы 17 мектеп қосып, жалпыұлттық жобаға айналдырдық. «Қазақстан Халқына» қоры, Beeline компаниясы сынды серіктестеріміздің қолдауымен әр мектепке шамамен 250 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. AITAS холдингі жобаның операциялық, мұғалімдерді оқытуға кеткен, тренерлердің жолға кететін шығынын өтейді. «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» мұғалімдерді оқытып, қайта даярлағаны үшін ақы алмайтынын айтып өткіміз келеді», – деді жоба ұйымдастырушылары.