Жаңалықтар ФУРО

62 тірек мектепте білім мониторингі басталды

4-19 наурыз аралығында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына қатысатын 62 мектепте оқу мониторингі жүргізіледі. Онда 4 және 8 сынып оқушылары базалық пәндер бойынша тест тапсырмаларын орындайды. Талап бойынша әрбір оқушы 40 минут ішінде 20 сұраққа жауап береді.

4 сынып оқушылары 2 сағатта математика, жаратылыстану және дүниетану, қазақ және орыс тілі пәндерінен 60 тапсырма орындайды.

Ал 8 сынып оқушыларына математика, қазақ және орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, химия, биология пәндері бойынша барлығы 140 тапсырма беріледі. Тапсырмаға бөлінген уақыт – 4 сағат 40 минут.

Мониторинг мақсаты – оқушылардың білім деңгейін анықтау мен оларға педагогикалық қолдау көрсету. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық өлшеулер орталығы әзірлеген мониторинг нәтижелері құпия сақталады.

Еске салсақ, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Оның мақсаты – ауыл және қала мектептері арасындағы білім алшақтығын азайту. «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі демеушілік ететін жобаның операторы – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры (ФУРО). Ал жобаның академиялық бөліміне жауапты бас серіктес – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ.