Жаңалықтар ФУРО

Маңғыстауда ОТПАН жобасының алғашқы мектептері таныстырылды

Биыл облыстың 50 мектебінде білім сапасын арттыру бойынша ауқымды жоба қолға алынды. Үкімет басшысы орынбасары Тамара Дүйсенова жоба аясында жаңартылған мектептер жұмысымен танысып шықты.
«Отпан» жобасының негізгі мақсаты – зияткерлік мектептер мен білім-инновация лицейлерінің озық тәжірибесін қала және ауыл мектептеріне енгізу арқылы өңірдегі орта білім сапасын арттыру. Сондай-ақ, мектептердің материалды-техникалық базасын жаңарту. Жобаны Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры іске асырады.
«Отпан» жобасына Маңғыстау өңірінің ауданы мен қалаларынан іріктеп алынған 50 мектеп қатысуда. Сәуірде басталған жоба екі жылға созылып, өңірдің 60 мыңнан астам оқушысы мен 7 мыңға жуық педагогті қамтиды. Жоба басында барлық мектептердің инфрақұрылымдық жағдайы зерттелді, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде кәсіби және оқыту процесіне байланысты қажеттіліктері анықталды
Бүгінде пән мұғалімдері, педагог-психологтар, әдіскерлер мен мектеп басшылығы Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері ұсынған түрлі тақырыптық курстар мен семинарлардан өтуде.

Сондай-ақ, оқушылар арасында білім сапасын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Мектеп кабинеттерін жаңарту жұмысы да жоспар бойынша жүріп жатыр. Атап айтсақ, жобаға қатысатын мектептерде бастауыш сыныптар, лабораториялар, STEM, робототехника мен пәндік кабинеттер жабдықталды. Оған қоса кітапхана, мұғалімдер бөлмесі сияқты қоғамдық кеңістіктер өзгертіліп, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жаңа оқу құралдарына ие болды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жобаға қатысатын оқу орындарындағы өзгерістермен танысты. Премьер-Министрдің орынбасары алдымен Ақтау қаласындағы Ибаш Жанболатова атындағы нөмірі 15-мектепке, кейіннен Фариза Оңғарсынова атындағы нөмірі 29-мектепке барды

Ақтаудағы осы екі мектеп пен 8-мектепте жалпы алғанда 60-қа жуық оқу кабинеті мен білім беру кеңістіктері «Ordabasy Group» компаниясының қаражатына жабдықталды.
«Отпан» сынды жобаларды қолдау арқылы, біз ертеңгі күннің міндеттерін шешуге қабілетті білікті мамандарды тәрбиелеу үшін қолайлы жағдайларды жасаймыз. Білім беру мекемелерін жаңғырту және педагогтардың біліктілігін арттыру біздің балаларымызға ең жақсы білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Біз осы бастаманың бір бөлігі болуға және Қазақстанның зияткерлік капиталын дамытуға үлес қосуға қуаныштымыз», - «Ordabasy Group» басқарма төрағасының кеңесшісі Жармұхамед Аппаз.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры директоры Данияр Тоқтарбаев ұзақ мерзімді жобада ұстаздарға үлкен көңіл бөлінетінін айтады:
«Маңғыстау облысы туу мен бала саны көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Яғни, осы өңірдегі білім сапасынан еліміздің болашағы тікелей байланысты. Сондықтан, осындай ауқымды өңірде іске асыруды жөн көрдік және Үкімет, әкімдік, кәсіпкерлер мен қоғам болып бірігіп, мұғалімдерге барлық жағдай жасауға ат салысамыз», - деді Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жетекшісі Данияр Тоқтарбаев.
«Отпан» жобасын сәтті жүзеге асыруда қазірдің өзінде «Ordabasy Group», NCOC, Ұлттық «Қазмұнайгаз» компаниялары мен «Халық» жеке қайырымдылық қоры қолдау білдіруде. Алдағы уақытта Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Маңғыстау аудандары мен Жаңаөзендегі мектептерде де аталмыш жұмыстар жүргізіледі.