«10-сыныпта ағылшын деңгейін анықтайтын IELTS тестінен 7 балл алған едім. Сосын биыл ақпанда математика мен критикалық ойлау бойынша емтиханды тапсырып, грантқа иелендім. О баста Назарбаев Университетіне қалай түсу керегін білмедім. Осы кезде мектебімізге Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының өкілдері келіп, дайындық бойынша ақыл-кеңестерін айтты. Жоғары балл жинауыма сол нұсқаулықтар мен математика және ағылшын тілі мұғалімдерінің әсері зор болды», – дейді Дина Қайратқызы.
«Биыл екі шәкіртіміз оқу жылы аяқталмай жатып-ақ, грант иегері атанып үлгерді. Біріншісі – мектеп тарихындағы Назарбаев Университетіне түскен алғашқы түлек Дина Қайратқызы. Екіншісі – информатика пәнінен олимпиадаға қатысып, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне грант ұтып алған Меруерт Сайранбекқызы. Сондай-ақ мектебіміздің ағылшын тілінде дебат ойнайтын оқушылары ауданнан үздік шығып, облыстық жарыстан екінші орын алып қайтты», – дейді мектеп директоры.