Жаңалықтар ФУРО

Ұзынкөл ауылындағы мектепте ашық есік күні болды

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының қатысушысы, Қостанай облысы, Ұзынкөл ауылындағы №1 тірек мектепте ашық есік күні өтті. Алдағы үш жылда мектептегі 70-тен астам мұғалім Назарбаев Зияткерлік мектептерінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, білім сапасының артуына үлес қоспақ.

Ұзынкөлдегі №1 мектептің іргетасы 1968 жылы қаланып, 2013 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өткен. Биыл тірек мектептерді дамыту жобасы аясында 36 кабинет жаңартылды. Оның ішінде арт-студия, робототехника мен Абай кабинеті, STEM зертханасы және т.б. бар. Информатика кабинеті толықтай компьютермен жабдықталды.

«Мектебімізде 600-ден астам оқушы екі ауысыммен оқиды. Бүгін балаларымыз жаңа кабинеттер мен оқу құралдарын алғаш көріп, қатты қуанып жатыр. Енді оқушылар мен мұғалімдер сабақ пен қосымша шараларға емін-еркін дайындала алады. Өйткені біз кітапхананың жүйесін қайта қарадық. Сонымен қатар мектебімізде шахматшыларға арналған рекреациялық аймақтар ашылды. Оқушыларымызға үзілісте зияткерлік ойындармен айналысуға мүмкіндік бар», – дейді мектеп директоры.

Мектеп мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында өтетін оқуды бастады. Білім берудің заманауи технологиялары мен тәсілдерін үйрететін интенсивті курстар 5-6 айға созылады. Содан кейін бүкіл мектепке үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Қостанай НЗМ директоры Гүлнара Дусқазиева Ұзынкөл мектебіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Оқушыларға қолайлы орта жасап беру аз. Біз мектепті жаңа көзқарас пен ашық сана деңгейіне көтеруіміз керек. Ол өзгерістер әр күн, әр сабақ сайын қалыптасып, жайлап дағдыға айнала бастайды. Біз бұл бағытта әрқашан көмектесуге дайынбыз. Қазірдің өзінде семинарлар мен шеберлік сыныптары, ашық сабақтар мен бірлескен жобаларды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – баланың мектепте алатын білім сапасы мен жан-жақты тұлғалық дамуы», – дейді Гүлнара Дусқазиева.
Мектептің таныстырылымына Қостанай облысы әкімінің орынбасары қатысты.

«Қазақстан халқына» қоры және серіктестермен бірлесе жұмыс істеу арқылы әлеуметтік саланы жақсартып отырмыз. Биылдың өзінде қор білім беруге сапалы жағдай жасау үшін бір жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөледі. Ол қаражат 4 ауылдық тірек мектебін жөндеу, арнайы мектептер мен робототехника кабинеттерін заманауи құрылғылармен қамтамасыз етуге жұмсалады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл «Қазақстан халқына» қоры тірек мектептерді жабдықтауға 15,750 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.

«Қазақстан халқына» қоры Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, биылғы бағдарламаның екінші кезеңінде бүкіл ел бойынша 63 тірек мектепті, оның ішінде Қостанай облысындағы 4 мектепті жаңартады. Жобаның серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ материалдық-техникалық базаны жаңғырту және әдістемелік қолдау бойынша көмек көрсетеді, – дейді «Қазақстан халқына» қорының өкілі Бауыржан Оразғалиев.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган өкілдері алдағы уақытта тірек мектебін жарықтандырып, интернет жүйесін жақсартуды көздеп отыр.

Еске салсақ, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқы» қоры және Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы. Қордың барлық операциялық шығындарын AITAS холдингі көтереді.

2022 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылып, оған еліміздің 17 облысындағы 17 мектеп қатысты.

Биыл басталған жобаның екінші кезеңіне 63 мектеп қатысып отыр. Мектептер тізімі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген. Толық тізімдіfuro.kz сайтынан көруге болады.

2023 жылы мектептер толықтай заманауи және қосымша білім беру кабинеттерімен жабдықталады.