Қазақстанның 56 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылады
«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының 3-кезеңі басталды.
«Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы ауыл мектептеріне бірнеше жыл бойы жаңа тыныс беріп келеді.
Биыл жобаға 56 мектеп қосылды. Оларды дамытуға бағытталған кешенді жұмыс үш бағытта жүргізіледі.
Біріншісі – мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу арқылы ауыл баласы алатын білім деңгейін арттыру. Бұл бағытты Назарбаев зияткерлік мектептері іске асырады.
Екінші бағыт – материалдық-техникалық базаны жаңарту. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры 14 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді, әр мектепте шаққанда 250 млн теңгені құрайды. Жоба аясында барлығы 1848 кабинет жаңартылады. Осы жұмыстың арқасында химия, физика, биология лабораториялары, STEAM, TV-студия, арт-студиялары да ашылады.
Үшіншісі – мектептерді әдістемелік сүйемелдеу, осы бағыттағы жұмыс 3 жыл көлемінде жүргізілетінін атап өткен жөн. Ауыл ұстаздары осы аралықта аймақтағы зияткерлік мектептерімен тұрақты қатынас орнатып, білім беру методикаларымен жетілдіруге мүмкіндік алады.
Осылайша, биыл тірек мектептер желісі 135-ке жетті. Жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.
Айта кеткейік, Назарбаев зияткерлік мектептері оқыту және зерделеу жұмыстарының барлық шығындарын өз қаражатынан өтейді. Ал Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының ұйымдастыру шығындарын Aitas холдингі өтейді.
«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Оның мақсаты — ауыл және қала мектептері арасындағы білім теңсіздігін жою. «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі демеушілік ететін жобаның операторы — Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры. Ал жобаның академиялық бөліміне жауапты бас серіктес — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ.