Жаңалықтар ФУРО

63 тірек мектептің тізімі жарияланды

Оқу-ағарту министрлігі биыл "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру" жобасына қатысатын мектептердің тізімін бекітті. Тізімге республикамыздағы 63 мектеп енді.

Аталған жобаны Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, “Қазақстан халқына” қоры мен Назарбаев Зияткерлік Мектептері жергілікті атқарушы органдар мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама бизнес, мемлекет пен қоғамды бірлестіріп, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға үлес қосты. Оған қоса білім бағдарламасына ең үздік педагогикалық тәжірибе мен әдістемені енгізіп, тірек мектептерге қажет материалды-техникалық базамен қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Жобаның алғашқы кезеңінде 17 аудандық мектептің кабинеттері толықтай жаңартылып, ұстаздары Назарбаев Зияткерлік Мектептеріне қарасты Педагогикалық шеберлік орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар мектептердегі білім беру деңгейіне мониторинг жасалды.
2023 жылы жобаның екінші кезеңіне “Қазақстан халқына” қоры 15,750 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетпек. Бұл қаражат жобаға қатысушы 63 мектептегі 2000 кабинетке жөндеу жүргізіп, қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының операциялық шығынын AITAS холдингі мен оның негізін қалаушы — Серік Толықпаев өтейді. Назарбаев Зияткерлік Мектептері оқыту бағдарламаларын тегін жүргізеді, ал “Қазақстан халқына” қоры мектептерді жарақтандыру жұмысына қаржылай қолдау көрсетеді.