Жаңалықтар ФУРО

Ойыл ауданында тірек мектептің таныстырылымы болды

Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде «Білімнің қайнар бұлағы» атты ашық есік күні өтті.

Бұл тірек мектеп – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы.
Тірек мектептің таныстырылымына Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының менеджері Талғат Қожағалиев, Облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлжан Құлыбекова, Ақтөбе қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ директоры Қайырбек Сәбитұлы, Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбедегі филиалының директоры Тұрсынай Көпжасарова, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов қатысты.
Таныстырылым кезінде сөз алған мектеп директоры Маржан Сәлімгерейқызы жобаның берген жаңа мүмкіндіктері мен жасақталған материалдық база жөнінде айтып өтті.
«Барлық пән кабинеті заманауи жиһаздармен жабдықталып, кітапхана, сонымен бірге инженерия, көркем өнер, аспаз шеберханалары, робототехника, информатика кабинеттері жаңарды. Сонымен қатар физика, химия, биология, география сияқты жаратылыстану кабинеттері мен гуманитарлық пәндер сыныптары қайта жасақталып, сабақ барысында заманауи технологияларға сай компьютерлік техникалар мен интерактивті панельдерді пайлаланып жатырмыз. Мұның бәрі баланың сабақтан қалмауына, оның білім алуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді» ,– деді мектеп директоры.
Сондай-ақ білім ордасындағы 24 оқу кабинеті, STEM-зертхана, арт-студия, телестудия, музыка және спорт залдары сияқты қосымша білім беру орындары да жабдықталды.

Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде қазір 627 оқушы білім алуда. Мектепте 62 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде 2 жоғары санатты, 1 бірінші санатты, 8 педагог зерттеуші, 18 педагог-сарапшы, 13 педагог-модератор, 20 педагог бар.
Қазірде Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта тірек мектебіне үш магнитті мектеп бекітілген. Олар: Ақшатау орта мектебі, Қаракемер мектеп балабақшасы, Соркөл орта мектебі. Жоба аясында тірек мектебі мен магниттік мектептерде өзара сабақ беру моделі бойынша жауапты мұғалімдер құрамы бекітілді. Пилоттық жобаға қатысатын педагогтердің сабақты сапалы өткізуіне қажетті жағдай жасалып, оқу-әдістемелік қолдау көрсетіліп отыр.
Еске салсақ, қала және ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға бағытталған жобаға AITAS холдингі және «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетіп отыр. Жобаның мақсаты – үздік педагогикалық технологиялары мен заманауи материалдық-техникалық базасы бар жайлы мектеп құру.