Жаңалықтар ФУРО

Рowered by NIS ауыл мектебі: мониторинг нәтижесі белгілі болды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Педагогикалық өлшемдер орталығы «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасы бойынша жүргізген мониторингін аяқтады. Мониторингке 5 мектептен 600-ден астам оқушы қатысты. Осы тұста Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры НЗМ сарапшыларының бақылау жұмысына қатысты берген мәліметтерімен бөліспек.

«Рowered by NIS ауыл мектебі» жобасына Шығыс Қазақстан облысынан 4 мектеп қатысып жатыр. Олар: Өрел, Үлкен Нарын ауылдары мен С.Ластаев атындағы орта мектеп (Катонқарағай ауданы), Р.Мәрсеков атындағы мектеп (Ұлан ауданы), сондай-ақ Ақмола облысы, Макинск қаласындағы мектеп-гимназия.

4-сынып оқушыларының білімін бақылау математика, жаратылыстану, қазақ тілі (қазақ сыныптары үшін) және орыс тілі (орыс сыныптары үшін) пәндері бойынша жүргізілді. Педагогикалық өлшемдер орталығы мамандарының айтуынша, оқушылардың жоғары көрсеткіші байқалған пәндер – математика және қазақ тілі. Сондай-ақ, мектеп оқушылары қалдықпен бөлу формулаларын қолдану, жай бөлшектерді және аралас сандарды қосу және азайту тапсырмаларын оңай орындаған.

«Оқушыларға дыбыс көлемінің арақашықтыққа тәуелділігі, тіршілік циклінің ерекшеліктері, толық және жартылай түрленетін жәндіктер мен жыртқыштардың айырмашылықтары және қоршаған ортаның ластануына байланысты сұрақтар қиынға соқты», – делінген Педагогикалық өлшемдер орталығының есебінде.

8-сынып оқушылары 4 сағат 40 минут ішінде 7 пәннен есеп шығарды. Жалпы тапсырма көлемі – 140 сұрақ. Оқушылар ағылшын тілінен келген тест сұрақтарының біразын дұрыс тауып, химия, биология және қазақ тілі пәндерінен жақсы нәтиже көрсетті.

Ережеге сәйкес, мектептердің мониторинг бойынша нәтижелері жария етілмейді және тек мұғалімдерге жіберіледі.

Еске сала кетсек, «Рowered by NIS ауыл мектебі» – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға арналған коммерциялық емес жоба. Ол мұғалімдердің біліктілігін арттыру және ауыл мектептерінің материалдық базасын жаңарту тәрізді екі бағытты қамтиды. Жоба AITAS холдингінің және оның негізін қалаушы Серік Толықпаевтың қолдауымен жүзеге асып отыр.