Жаңалықтар ФУРО

ШҚО ауыл мектебінің түлектері SDU грантын жеңіп алды

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Р. Мәрсеков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің (SDU) төрт жылдық грант иегері атанды. Университет жыл сайын өткізетін SPT олимпиадасынан жоғары балл жинаған түлектер – Қуаныш Мұхаметжан мен Сырым Жандосұлы.
«Олимпиаданың екі кезеңі бойынша 82 балл жинап, грант ұтып алдым. Сүлеймен Демирел университетінің “заңгер” мамандығына түсуді мақсат еткен едім. Сол қалауым орындалғанына қуаныштымын”, – дейді Сырым Жандосұлы.
Ал олимпиададан 83 балл алған екінші грант иегері Қуаныш Мұхаметжан ҰБТ да тапсырып, «халықаралық құқық» мамандығына түсуге ниетті.
«Балаларымыз жүлделі орындарға ие болған олимпиадалардың қорытындысы бойынша біз «2023 жылдың үздік ауыл мектебі» атандық. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз. Жоба аясында жасалған бағдарлама мен оқу жоспарларының арқасында мақсатымызға жеттік", – дейді мектеп директорының орынбасары Қарлығаш Ілиясова.
Ұлан ауданындағы Р. Мәрсеков орта мектебі «Ауыл мектебі рowered by NIS» жобасына 2019 жылы қосылды. Содан бері мұғалімдердің барлығы біліктілікті арттыру курстарына қатысып, біраз бөлігі НЗМ мектептерінде тағылымдамадан өтті.
Сондай-ақ жоба аясында оқу кабинеттері мен зертханалар жаңартылды. Оқушыларға жүргізілген мониторинг бойынша білім сапасы 2019 жылғы 60,9% -дан 2022 жылы 70% -ға дейін өсті. Облыстық және республикалық олимпиада жеңімпаздарының саны екі есеге артқан.