Осы аптада Genomix командасы Катонқарағай ауылындағы С. Ластаев атындағы орта мектепте шеберлік сағатын ұйымдастырды. Оған қатысқан оқушылар ғылыми бағытта жаңа ақпараттар алып, эксперименттер жасауға белсенді түрде атсалысты.
Мастер-класс аясында балалар биология мен химия пәніне қатысты бірнеше қызықты тәжірибе жасап көрді. Оларға ең қатты ұнаған эксперименттердің бірі жемістерден ДНҚ алу болды.
Сондай-ақ, оқушыларға «Химиялық сағат» тәжірибесі де ерекше әсер сыйлады. Бұл – химияға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, уақытты өлшеу дағдылары мен реакциялардағы катализаторлардың рөлін түсінуге көмектесетін қызықты эксперимент. Тәжірибе барысында мектепте бар химиялық реагенттер қолданылды.
Одан бөлек, шеберлік сағатта балалар «Піл тіс пастасын» да жасап көрді. Химиялық реакция кезіндегі көбіктің қозғалысы тіс пастасын сығу процесіне ұқсады. Көбік көлемі көп болғаны соншалық, тіпті ол пілдің тісіне жететіндей еді.