Жаңалықтар ФУРО

Ластаев атындағы мектеп оқушылары Web-әзірлеу курсынан өтті

Катонқарағай оқушылары 11-17 қазан аралығында жасөспірімдерді ақпараттық технологиялар саласы бойынша оқытатын Халықаралық бағдарламалау мектебінің курсынан өтті. Жоба командасы біп апта бойы Сейтқазы Ластаев атындағы орта мектепте тестілеу, Backend және Rontend-әзірлеу тақырыбында дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді.

С.Ластаев атындағы мектеп – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, AITAS холдингі және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның «Ауыл мектебі рowered by NIS» жобасының төртінші жылдан бергі қатысушысы. 2019 жылдан бастап оқу кабинеттері AITAS холдингінің қаражатына жаңартылса, НЗМ мектепке әдістемелік қолдау көрсетеді. Биыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Халықаралық бағдарламалау мектебін Катонқарағай оқушыларына курс өткізуге шақырды.


Бағдарламалау мектебінің негізін салушы Александра Прзеборовская Ластаев оқушыларына сабақ өткізу үшін Амстердамнан арнайы ұшып келіп, тестілеу мен сынақшыларды дайындау тақырыбын түсіндірді. Ал Мюнхеннен келген тәжірибелі тәлімгер әрі JetBrains-тегі Frontend Developer Татьяна Яковлева Frontend-әзірлеу жайында айтып берді. Сонымен қатар Берлиндегі Deutsche Bank-інде жетекші боп істейтін Алексей Иванов Backend-әзірлеу туралы білімімен бөлісті.

«Мен өз мамандығымды өте жақсы көремін. Бұл маған өз-өзімді тану мен өсу жолымда көптеген мүмкіндік берді. Сол үшін де мен мектеп оқушыларының бағдарламалау әлемінде қандай келешек бар екенін біліп, өздері таңдау жасағанын қалаймын», – дейді Татьяна Яковлева.
Алексей Иванов мұндай жобалардың ауылдағы мектеп оқушылары үшін маңызды екенін атап өтті.

«Мен Мәскеуде өстім, жақсы мектепте оқыдым және де мұндай мүмкіндік барлығында бола бермейтінін білемін. Алған білім мен түсінген тәжірибені өскелең ұрпақпен бөлісудің терең мәнін түсінгендіктен, мен осы идеяны қолдадым», – деді ол.

Оқушылар курста тек дәріс тыңдап қана қоймай, өздерінің веб әзірлемелері мен онлайн қосымшаларын тәжірибе жүзінде жасап көрді.
«Бағдарламалау саласына бұрыннан қызығатынмын. Оны үйренуге ресурстарым жеткілікті болмағандықтан, мұндай үйірменің келуін өзіме керемет мүмкіндік деп санадым. Сабақта мен дронды консольді қосымшада жасап, оны веб серверге айналдыруды үйрендім. Алған әсерім өте керемет. Сол үшін де курс өткізген мұғаліміме алғысымды білдіремін», – дейді Ластаев мектебінің оқушысы Дина Қайратқызы.

Ал 11 сынып оқушысы Әлішер Нығманов курста үйренген қабілеттерін алдағы уақытта жетілдіргісі келеді. Тәжірибелі мамандардың берген білімі оның келешектегі өз кәсібін таңдауына әсер етіпті.

«Мен мұнда басында жай қызығушылықтан келгем. Ал кейін біз бағдарламалау негіздерін меңгеріп, дронды бағдарламалауды үйрендік. Маған бәрі қызық болғаны соншалық, болашақта институтта оқу үшін IT саласын да қарастыра бастадым. Мұғалімдер бізге өз сабақтарын ерекше етіп түсіндіргендіктен, мен бағдарламалауды жалғастырғым келеді», – дейді Әлішер.

Айта кетсек, «Ауыл мектебі рowered by NIS» жобасы 2019 жылдан бері AITAS холдингі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп жүзеге асып келеді.