Жаңалықтар ФУРО

Күләш Ноғатайқызы STEM Academia-да дәріс оқыды

25-27 сәуір күндері STEM Academia ұйымдастыруымен «Білім берудегі менеджменттің заманауи тенденциялары» конференциясы өтті.

Жиынның соңғы күнінде Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы Күләш Ноғатайқызы тірек мектеп басшылары мен білім саласындағы мамандарға дәріс оқыды. Дәрісте ол оқушыларға тәлім беретін педагогтердің білім сапасын арттыру мен сабақ барысында заманауи құрал-жабдықтарды қолданудың маңызы туралы айтты.
«Қазір мұғалімді оқытудың формалары өте көп. Жекелей, топтап, сабаққа қатысу, талдау арқылы оқытуға болады. Мұғалімдер үшін ең керек дүние – қарым-қатынас құра алу. 3-4 магнитті мектептен тұратын тірек мектептерді құрып жатқан себебіміз – осы. Сондағы педагог-ұстаздардың басын біріктіру, бір-бірімен тәжірибе алмастыру», – деді Күләш Ноғатайқызы.
Конференция соңында тірек мектеп директорлары Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазымен пікір алмасып, STEM Academia сертификаттарымен марапатталды.