Жаңалықтар ФУРО

Ой мен технологияның ұштасуы

«Білім беруді тұрақты дамыту қорының» келесі аялдамасы – Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сафоновка ауылы. Облыс орталығынан 276,4 км қашықтықта орналасқан ауылда балалар Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін мектепте оқиды. Мектептің қазығы 2006 жылы қағылған, қазір 362 бала оқиды. Білім ордасында 54 мұғалім қызмет етіп жүр.

Аталған мектеп те «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына енген білім ордаларының тізімінде. Бүгінгі өткен таныстырылымда ауыл тұрғындары, жергілікті атқарушы билік, БАҚ өкілдеріне мектептің жаңарған материалды-техникалық базасы көрсетілді, біліктілігін арттырған мұғалімдермен тілдесті.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мектептің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Мектептегі 27 кабинет пен қосымша білім беру кабинеттері қайта жасақталды. Мектепке қажет құрал-жабдық «Қазақстан Халқына» Қорының 249 825 000 теңге көлеміндегі демеушілік қаражатына сатып алынды.
«Бүгінде ауылдық және қалалық мектептер арасында алшақтық байқалады. Білім беру сапасы, әсіресе, ауылды жерде төмендеп келеді. Бұл мәселені жүйелі және кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірлесе ауылдық тірек мектептерді дамыту туралы шешім қабылдап, олардың іс жүзінде құзыреттілік орталықтарына айналып, басқа мектептердегі оқыту сапасын арттыруға ықпал етуі керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында біз 17 ауылдық тірек мектептерді жабдықтаймыз және оларға әдістемелік қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда өңірлерде 11 мектеп жарақтандырылды. Осылайша ол оқу орындарындағы білім мен дағдылар жақын маңдағы шағын комплектілі мектептерге бағытталады. Өйткені, бұл мектептерде материалдық-техникалық база мен кадр мәселесі өте өзекті», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
«Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ мен жоба серіктестері – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ мамандары мектептегі білім беру сапасы мен ортасына талдау жасады. Ұйымдастырушылар қорытындыны негізге алып мектепті тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар әзірленіп, мұғалімдерге қажет біліктілікті арттыру курсының жоспары бекітілді.
Жеке пән кабинеттерімен қатар қосымша білім кабинеттері: STEM лаборатория, АРТ-студия, Интеллектум кабинеті, шеберлік кабинеттері мен кітапхана да керек-жарақпен қамтылады. Сонымен бірге мектеп телестудиясы да жасақталады. Бұл келешекте мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсету мүмкіндігін береді.
Мектеп мұғалімдерін оқытуға келсек, 2022 жылғы 31 қазан мен 1 қараша аралығында Атырау қаласындағы НЗМ-де өткен «Оқушылардың функционал сауатын дамыту» тақырыбындағы екікүндік семинарға мектептің 40 ұстазы қатысты. Ал 2022 жылғы 21–22 қазанда мектептің жас мұғалімі елордада ұйымдастырылған «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы балалар жылы» НЗМ конференциясына, 23-24 қарашада тарих пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог «Ой мен технологияның ұштасуы» халықаралық конференциясына қатысты. Атырау қаласындағы НЗМ-ге қарасты ПШО тренерлері ұстаздарды қолдау мақсатында пәнді үйрену мен бағалауды қалыптастыратын сабақ жоспарлау бойынша онлайн және офлайн семинарлар өткізіп тұрады.
Мектептің басқарушы құрамы да шыңдалды. Мәселен, директор мен әдістеме, инновациялық жұмыс бойынша орынбасарлары Атырау қаласының ПШО ұйымдастырған «Мектепті тиімді басқару: мектеп командасы мен білім сапасы» курсын оқыды. Сонымен қатар мектептің барлық ұстазына «Бағалауды қалыптастыру» тақырыбында дәріс оқыды. Математика, информатика, ағылшын тілі, биология, қазақ тілі, физика мұғалімдері де аталған орталықта біліктілігін арттырды.
Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев өзі басқарып отырған білім ордасының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы болғанына риза екенін айта келе, бағдарлама басталғалы тек мектеп қана жаңарып қоймай, мұғалімдер де пайдалы ақпаратқа қаныққанын жеткізді. «Жобадағы 17 мектептің қатарында болғанымызға қуанамыз. Атыраудағы ПШО директоры Талас Бурханқызы бастаған білікті мамандар мектебімізге келіп, барлық ұстаздың сабағына қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдірді, әдістемелік көмек көрсетіп жатыр. Оған қоса Атырау қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» мұғалімдерімізге арнап екі рет семинар, курс өткізді. Біздің қызметкерлер НЗМ мұғалімдерінің сабағына қатысып, тәжірибе алмасты. «Назарбаев зияткерлік мектептері» басшысы Күләш Шәмшидинова мектебімізге арнайы келіп, мұғалімдермен танысып, пікірлесіп, көкейдегі сұрақтарға жауап берді. Мұғалімдерді қолдау жалғасатынын айтып, демеу білдірді. Бүгінде мектебіміз толықтай жаңарды, интерактив тақталар, басқа да қажет жабдықтар сатып алынды. Қолымыз жетпей жүрген STEM кабинет ашылып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Еңбек пәніне қажет жабдықтар алынып, қазір қыздарымыз жеке іс машинасында тігіп жүр. Мектепте алаңсыз жұмыс істеуге, балаларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалды. Келешекте білім сапасын арттыруға жұмыстанамыз», – деді директор.
Атырау қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директоры Ерәлі Бижанов әріптестерін екінші «туған күнімен» құттықтады. «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» қомақты қаражат бөліп, қолдау көрсетіп жатыр. Бұның бәрі бекер емес. Өзіміз көргендей мектептегі химия, биология кабинеттері толықтай жаңартылып, бастауыш сыныптардың кабинеттеріне балалардың практикалық дағдыларын дамытуға арналған көп көрнекі құрал сатып алынған. Қазіргі таңда STEM бағыты өзекті тақырыпқа айналды. Себебі ХХ ғасырда физика, химия саласы бойынша жаңалықтар енгізілсе, бүгінде жаңалықтар бірнеше ғылымның қиылысуы арқылы ашылып жатыр.
Мұндай жобалар арқылы біліммен қоса мәдениетті де дамытамыз. Бір болып жүктеліп жатқан жауапкершілікті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін. Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиевпен жұмыс әлі де жалғасады деп келістік. Шыны керек, мектепке әкелінген жабдықтардың кейбірі НЗМ-де жоқ. Мұражайдағы экспонат құсап бос тұрмай, кәдеге жарауын тілейміз. Балалардың кәдесіне жарасын дейміз», – деді Ерәлі Бижанов.
Педагогтерге арналған НЗМ, БББО, ПШО тренерлерінің көмегімен өткізілетін қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Дегенмен қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді. Оқыту бағдарламаларын жоба серіктесі – «НЗМ» ААҚ ақысыз өткізеді. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба операторы – Білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатымен өтейді.