«Бүгінде ауылдық және қалалық мектептер арасында алшақтық байқалады. Білім беру сапасы, әсіресе, ауылды жерде төмендеп келеді. Бұл мәселені жүйелі және кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірлесе ауылдық тірек мектептерді дамыту туралы шешім қабылдап, олардың іс жүзінде құзыреттілік орталықтарына айналып, басқа мектептердегі оқыту сапасын арттыруға ықпал етуі керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында біз 17 ауылдық тірек мектептерді жабдықтаймыз және оларға әдістемелік қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда өңірлерде 11 мектеп жарақтандырылды. Осылайша ол оқу орындарындағы білім мен дағдылар жақын маңдағы шағын комплектілі мектептерге бағытталады. Өйткені, бұл мектептерде материалдық-техникалық база мен кадр мәселесі өте өзекті», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев өзі басқарып отырған білім ордасының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы болғанына риза екенін айта келе, бағдарлама басталғалы тек мектеп қана жаңарып қоймай, мұғалімдер де пайдалы ақпаратқа қаныққанын жеткізді. «Жобадағы 17 мектептің қатарында болғанымызға қуанамыз. Атыраудағы ПШО директоры Талас Бурханқызы бастаған білікті мамандар мектебімізге келіп, барлық ұстаздың сабағына қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдірді, әдістемелік көмек көрсетіп жатыр. Оған қоса Атырау қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» мұғалімдерімізге арнап екі рет семинар, курс өткізді. Біздің қызметкерлер НЗМ мұғалімдерінің сабағына қатысып, тәжірибе алмасты. «Назарбаев зияткерлік мектептері» басшысы Күләш Шәмшидинова мектебімізге арнайы келіп, мұғалімдермен танысып, пікірлесіп, көкейдегі сұрақтарға жауап берді. Мұғалімдерді қолдау жалғасатынын айтып, демеу білдірді. Бүгінде мектебіміз толықтай жаңарды, интерактив тақталар, басқа да қажет жабдықтар сатып алынды. Қолымыз жетпей жүрген STEM кабинет ашылып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Еңбек пәніне қажет жабдықтар алынып, қазір қыздарымыз жеке іс машинасында тігіп жүр. Мектепте алаңсыз жұмыс істеуге, балаларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалды. Келешекте білім сапасын арттыруға жұмыстанамыз», – деді директор.
Мұндай жобалар арқылы біліммен қоса мәдениетті де дамытамыз. Бір болып жүктеліп жатқан жауапкершілікті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін. Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиевпен жұмыс әлі де жалғасады деп келістік. Шыны керек, мектепке әкелінген жабдықтардың кейбірі НЗМ-де жоқ. Мұражайдағы экспонат құсап бос тұрмай, кәдеге жарауын тілейміз. Балалардың кәдесіне жарасын дейміз», – деді Ерәлі Бижанов.