Жаңалықтар ФУРО

Ақтоғай ауылында жаңа тірек мектеп таныстырылды

Бүгін Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының командасы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауылында Күләш Байсейітова атындағы мектеп-гимназияның таныстырылымын өткізді. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының қатысушысы атанған тірек мектепте 50 мұғалім жұмыс істейді және 380 оқушы білім алады.

Жобаның арқасында мектептегі барлық 24 сынып жабдықталды. Сонымен қатар, STEM зертханасы, арт-студия, шеберханалар секілді қосымша білім беру кабинеттері жасақталып, ауданның магниттік мектептеріне тәжірибе таратуға көмектесетін телестудия ашылды. Бұл жұмыстар «Қазақстан халқына» қоры бөлген 249 825 000 теңге демеушілік қаражаты есебінен жүргізілді.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының директоры Ксения Верба таныстырылымда сөз сөйлеп, жобаның бірінші бөлімі аяқталғанын атап өтті.

«Алдағы уақытта мектепте ұзақ мерзімді жобалар жүргізіледі деп болжап отырмыз. Оның нәтижелерін біз 10 немесе тіпті 20 жылдан кейін көре аламыз. Келесі кезеңде жобаның серіктесі «НЗМ» ДББҰ өзінің тәжірибесі мен  әдіснамасымен бөліседі. Біз бұл мектептің ауыл өміріне жаңа серпін бергенін қалаймыз. Сонда ғана біз ел аймақтарының даму деңгейіне сеніммен қарай аламыз», – деп мәлімдеді Ксения Верба. Сөз соңында Ксения таныстырылымға келген қонақтарға алғысын білдіріп, мектептің өркендеуіне тілекші екенін жеткізді.

Айта кетсек, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.