Жаңалықтар ФУРО

Қостанай облысының ауылдық мектебінде арт-студия мен телестудия пайда болды


Қостанай облысы Сарыкөл кентіндегі Урицкий мектебінде жоба нәтижелерінің таныстырылымы сәтті өтті.

№1 Урицкий жалпы білім беру мектебі облыс орталығынан 136 км қашықтықта орналасқан. Мұнда 300 бала білім алады. Мектеп «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асырылып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы шеңберінде жабдықталған үшінші ауылдық тірек мектебі болды.

31 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін мектеп мұғалімдері Көкшетаудағы НЗМ базасында екі күндік оқыту курстарынан өтті. Республикалық білім беру бағдарламалары орталығының жаттықтырушылары 14 мектеп пәні бойынша курстарды өткізді. Сондай-ақ, Қостанай қаласының НЗМ мектебінің базасында ауылдық тірек мектептері мұғалімдерінің тағылымдамадан өту бағдарламасы басталды. НЗМ жаттықтырушыларының қатысуымен мұғалімдерге арналған қарқынды бағдарлама 2023 жылдың ақпанына дейін өткізілетін болады. Оны аяқтағаннан кейін мектеп үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.

Урицкий мектебінде материалдық-техникалық базаны толық жаңарту жүргізілді – 32 оқу кабинеті мен шеберханалар жарақтандырылды. Мектепте пәндік сыныптардан басқа FabLab, арт-студия, және телестудия, зертхана және Steam кабинеті секілді қосымша білім беру кабинеттері жабдықталды.

«Қазақстан халқына» қорының есебінен 249 825 000 теңгеге жаңартулар жүргізілді. Сондай-ақ, біз демеушілер арасынан өз қаражатын «Қазақстан халқына» қорына жіберген Beeline Қазақстан компаниясын атап өткіміз келеді.