Баянауылдағы Зейтін Ақышев атындағы орта мектепте робототехника кабинеті алғаш 2017 жылы ашылған. Мектеп былтыр «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына қатысқалы бері кабинетке жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Соған сәйкес балалардың робототехникаға қызығушылығы арта түскен.
«Бұрын сабаққа 7-8 бала қатысатын еді, қазір олардың саны 20-30-ға жетті. Бұған қатты қуанамын. Ендігі мақсатым – осы Баянауыл өңірінен адамзатқа пайдасы тиетін жоба жасап, оны нарыққа шығару”, – дейді роботехника пәнінің мұғалімі Данияр Хамзаұлы.
Даниярдың сөзінше, ең басында балалар робототехникаға ойын ретінде қызығып келеді. Уақыт өте келе ол қызығушылықтың деңгейі арта бастайды. Соның нәтижесінде жетістікке жеткен жас таланттар да баршылық.
Айта кетсек, мектеп оқушылары Астанада өткен Орта Азиялық робототехника чемпионатында «Робот-ойын» бойынша І орын, «Әлеуметтік желі» аталымы бойынша бас жүлдеге ие болды. Одан кейін халықаралық Roboland-2024 байқауында «Лабиринт» санатында қос жүлдеге қол жеткізді.
Осы сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген 11-сынып оқушысы Ерасыл Тұрғынбаев еліміздегі робототехника саласын ары қарай дамытпақ ойда.
Осы сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген 11-сынып оқушысы Ерасыл Тұрғынбаев еліміздегі робототехника саласын ары қарай дамытпақ ойда.
«Бұл – болашақтың саласы. Алдағы уақытта әлемде жоқ жаңа жобалар жасағым келеді. Ал қазір мамыр айында өтетін Robotek байқауына дайындалып жатырмын», – дейді Ерасыл.
Зейтін Ақышев атындағы мектеп Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобасына осы оқу жылының басында қосылды. Жоба аясында мектеп кабинеттері мен зертханалық бөлмелер заманауи құрал-жабдықтармен жасақталды.