Жаңалықтар ФУРО

Ақтөбе облысында шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту бойынша пилоттық жоба бастау алды

Жобаның тұсаукесері Ақтөбе қаласында өтті. Жиынға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Қазақстан халқына» қорының жетекшісі Болат Жәмішев, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, «Aitas Foundation» корпоративтік қорының жетекшісі Ксения Верба, облыстағы білім басқармаларының өкілдері, ШЖМ директорлары, сонымен қатар жоба серіктестері қатысты.
Жобаның мақсаты – шағын жинақты мектептерде цифрлық шешімдерді енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы білім сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыру.
Пилоттық жоба Ақтөбе облысындағы 134 шағын жинақты мектепте жүзеге асырылып, шалғайдағы педагогикалық кадр тапшылығы бар ауыл мектептерін қамтымақ. Жобаны «Қазақстан халқына» қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі жүзеге асырмақ.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жобаның ауылдағы орта білім сапасын одан әрі арттыру, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алуда тең мүмкіндіктер қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе облысындағы 404 жалпы білім беретін мектептің 72,5 пайызы – ауылда, ал оның 204-і шағын мектеп. Сонымен қатар ШКМ мұғалімдерінің 40%-ында біліктілік санаты жоқ, бұл оқушылардың білім сапасына әсер етеді. Пилоттық жоба 10,5 мың оқушыны қамтитын 134 шағын жинақты мектепте жүзеге асырылады. Мектептерде онлайн оқуға арналған жаңартылған цифрлы кабинеттер мен зертханалық жұмыстарға арналған жаратылыстану кабинеттері жасақталады.
Күләш Шәмшидинованың айтуынша, жоба аясында мектепті дамытудың 4 моделі жүзеге асырылады, оның ішінде стриминг, онлайн оқыту, тірек пен магнит мектептер кешенін құру, сонымен қатар цифрлы шешімдерді қолдану қарастырылған. Әр үлгі тиімділік пен кемшіліктерді анықтау үшін сынақтан өткізіледі және нәтижеге негізделіп жобаларды жақсарту және ұлғайту бойынша ұсыныстар береді.

Жобаның жалпы бюджеті 4 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды, оның 2 миллиард теңгеден астамын «Қазақстан халқына» қоры ШЖМ-ді жабдықтауға бөледі.
«Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесімен айналысып жүріп, сапалы білімсіз ауыл тұрғындарының әлеуетін ашу мүмкін емес екенін түсіндік. Адами капитал үшін білім негізгі нәрсе. Сапалы білім қала тұрғындарына да, ауыл тұрғындарына да қолжетімді болуы керек. Бүгінгі таңда білім беру жобаларымыз жалғасын тауып жатыр. Шағын жинақты мектептердің оқушылары сапалы білім, заманға сай кабинеттерге ие болады. Сапалы білімге бір табан жақындай түседі, ал біз өзіміздің үлкен мақсатымызға – балалар мен ауыл тұрғындарына қолжетімді сапалы білім беру арқылы Қазақстанның тұрақты дамуына бұрынғыдан да жақындадық», – деді «Aitas Foundation» корпоративтік қорының жетекшісі Ксения Верба.
Педагогтардың біліктілігін арттыру мен әдістемесі мәселелерге Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұйымдары жауапты. Бұл ретте жобаны тестілеу және сәтті жүзеге асыру үшін Қазақстанның Online mektep, Daryn online, Roqed science, Aman Sultan, Kundelik сияқты үздік білім беру платформалары жобаға қатысушы мектептерге өз ресурстарын тегін берді.

Жоба бастамашылары оны жүзеге асыру тірек және магниттік мектептер мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындауға, педагогикалық және әдістемелік ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ жобаны Қазақстанның басқа облыстарында да іске қосуға үлгі болатынына сенімді.