Жаңалықтар ФУРО

Саудакент мектебінде STEM-лаборатория, арт-студия мен интеллектум-кабинет ашылды

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы тірек орта мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды.

Іс-шара ашық есік күні форматында өтіп, мектеппен танысуға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, БАҚ өкілдері мен жоба серіктестері, демеушілері шақырылды. Оқыту бағдарламасының нәтижесі айтылып, мектептің жаңарған материалдық базасы назарға ұсынылды.
Саудакент ауылы облыс орталығы Тараз қаласынан 165,4 км қашықтықта орналасқан. Балтабай Адамбаев атындағы мектеп ғимаратының негізі 1973 жылы қаланған. Қазір мектепте 935 оқушы оқып, 116 педагог жұмыс істейді.
Жоба аясында бүгінде мұғалімдердің біліктілігін арттырып, мектептің материалды-техникалық базасын толығымен жаңарту мүмкін болып отыр. Атап айтар болсақ, мектептегі 35 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары толықтай жабдықталды. STEM-лабораториялар, арт-студия мен интеллектум-кабинет ашылып, акт залы мен кітапхана заманауи техникамен жарақтандырылды. Бұның барлығына «Қазақстан Халқына» қорының бағдарламасы аясында 249 825 000 теңге қаражат бөлінді. Жалпы, таңдалған мектептердің білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеу мақсатындағы жұмыстар жалғаса бермек.
«Қор құрылған 2022 жылдан бері 20-дан астам жобаға демеуші болдық. Сіздер көріп отырған бүгінгі жоба – бір парасы ғана. Жобаға қатысушы мектептер тек әдемі, жайлы оқу ордасы болып қалмай, аудандағы басқа мектептерге көмекші, тірек болса дейміз. Сол үшін барлығы бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Жұмыс әлі де жалғасады. Аудандардағы мектептерде пән мұғалімдері жетіспейтіні белгілі. Ендігі жерде осындай тірек мектептердің ұжымы басқа білім ордаларына көмектесетін болады. Мектеп бағдарламасына қоса әр мектепте робототехника үйірмесін ашуға ден қойдық. Бұл келешекте өз жемісін береді деп сенеміз», – дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Жиынға қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ауыл мектептерін дамытудың маңыздылығына тоқталып, бүгінгі қуанышты күнмен жиналғандарды құттықтады. «Бүгін еңбектің нәтижесін өз көзімізбен көріп отырмыз. Әріптестік әлі де жалғасады», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, жоба басталғанда Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандары Балтабай Адамбаев атындағы тірек мектебіндегі білім беру сапасы мен ортасына қатысты талдау жүргізді. Талдау қорытындысының негізінде сарапшылар білім ордасын тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар беріп, сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қажет курстар белгілеп, жоспар дайындады.
Соған сай, 2022 жылғы 3-5 қараша аралығында Түркістан қаласындағы НЗМ-де «Оқушылардың функционал сауатын қалыптастыру» тақырыбында барлық пән мұғаліміне арналған 2 күндік офлайн оқыту курсы өткізілді. Республикалық «Білім беру бағдарламалары орталығы» (Астана қ.) тренерлері мен Түркістан НЗМ оқытушы-тренерлері мұғалімдерге мектеп бағдарламасындағы 14 пән бойынша курс жүргізді. Бұдан бөлек Саудакенттегі білім ордасында мектеп телестудиясы да жасақталады. Бұл келешекте мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсету мүмкіндігін береді.
«Білім беру бағдарламалары орталығы», «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен НЗМ мамандарының педагогтерге арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Дегенмен қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп атқаруда. Оқыту бағдарламаларын «Назарбаев Зиякерлік Мектептері» ақысыз өткізеді. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба операторы – Білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатына өтейді.