Жаңалықтар ФУРО

Қазақстанда алғаш рет «Ауыл мектебі» фотокөрмесі өтуде

7-қараша күні «ÓzgeEpic» креатив хабында ауылдағы білім ошақтарының тыныс-тіршілігіне арналған «Ауыл мектебі» фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл көрме шалғай ауылда орналасқан бір мектептің өмірі мен өзгерістерін сипаттайды.

Көрменің басты идеясы – ауыл мектептеріндегі жаңашыл бастамаларды көрсету. Фотокөрме өңірлердегі білім ошақтарының жаңа технологияларды игеруін, бәсекеге ұмтылысын, елдімекеннің дамуына тигізген әсері мен жергілікті тұрғындардың болмысы мен күнделікті тіршілігін айшықтайды.
Фотокөрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен және ұйымдастыруымен және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қолдауымен жүзеге асты. Атап өтерлігі, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры елімізде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы теңсіздігін азайтуға бағытталған жобаларды іске асырады.
Жоба кураторы – Тоғжан Құрманжанқызы. Жобаға танымал фотосуретшілер Әйгерім Бегімбет және Сәбина Әбдімәлік шақырылды.

Әйгерім Бегімбет – журналист әрі фотосуретші. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. “Үркер” ұлттық сыйлығының лауреаты. “Тіршілік”, “Түркістан әйелдері” фотокөрмелерінің авторы.

Сәбина Әбдімәлік – суретші-фотограф. Фотожұмыстары Алматы, Атырау, Астана қалаларында қойылған. Сонымен бірге “Түсте” жеке фотокөрмесі өткен. Фотоөнермен қатар, деректі фильмдер түсірумен айналысады.
Көрме барысында фотосуретшілер шығармашылық ойларын ортаға салып, көрменің бірнеше кейіпкерін таныстырды. “Ауыл мектебі” – шалғайдағы білім беру мекемелерінің зияткерлік әлеуетін көпшілікке танытуға, сондай-ақ ауыл мектептері мен оқушыларының дамуына жаңа серпін беретін бірегей шығармашылық жоба.
Фотокөрме «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында өтуде.