Жаңалықтар ФУРО

Халықаралық «RoboLand 2024» фестиваліне тірек мектептерден 19 команда қатысады

29-30 наурызда Қарағандыда «RoboLand 2024» IX Халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар фестивалі болады. «Жастар» спорт кешенінде өтетін фестивальге тірек мектептерден 19 команда қатысады. Олар 1214 топтың ішінен іріктеліп, финалға қатысуға мүмкіндік алды.

Финалға дейін жіберілген 164 команда 20 санат бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында ROBOT MOUSE, Кegelring-quadro Х2, «Роботты жина», «Теңге алу», «Робогеометрия», «3D прототиптеу», «Роботтардың шағын футболы» және т.б.бар.
Былтырғы «RoboLand 2023» фестиваліне ауыл мектептерінің оқушылары барлық бағыт пен жас санаты бойынша қатысқан еді. Нәтижесінде үш команда жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды.
Осымен тоғызыншы рет өткелі жатқан RoboLand фестивалін биыл Kazdidac қауымдастығы мен Қарағанды облысының білім басқармасы, серіктестер мен демеушілер ұйымдастырып отыр. Фестиваль балалардың ғылыми-техникалық қабілетін дамыту, инновациялық білім беру мен робототехникасы саласындағы озық тәжірибемен бөлісуді көздейді.
Айта кетсек, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Оның мақсаты – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жобаға оператор болса, демеушілер «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартады. Оның ішінде робототехника кабинеттері, шығармашылық және ғылыми зертханалар да бар. Ал жобаның академиялық бөліміне «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жауап береді.