Құрметті пайдаланушылар, сайт сынақ режимінде жұмыс істейді. Ақпарат толықтырылуда.

Қарағанды облысында STEM-білім беруді енгізу бойынша пилоттық жоба басталды

# News
21 сентября, 2025

Бұл бастама үйірмелер мен секцияларды заманауи даму орталықтарына айналдырып, оқушыларға робототехника, бағдарламалау, жасанды интеллект негіздерін меңгеруге, тіпті өз медиа өнімдерін жасауға мүмкіндік беруді көздейді.

Қазір Қазақстанда 2 мыңнан астам қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда шамамен 1,15 миллион бала қамтылған. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, әсіресе ауылдық жерлердегі көптеген орталықтардың материалдық-техникалық базасы ескірген, инженерлік және STEM-бағыттар жеткілікті дамымаған. Қаржыландыру көбіне қалдық принципімен жүзеге асады, педагогтердің біліктілікті арттыру мүмкіндігі аз, ал салаға қатысты деректер толық емес. Бұл жағдай қосымша білім берудің дамуына кедергі келтіреді.

Мәселені шешу мақсатында Білім беру саласын орнықты дамыту қоры (БОДҚ) Қарағанды облысының білім басқармасымен бірлесіп, «Қазақстан халқына» қорының қаржылық, ал Aitas компаниясының әкімшілік қолдауымен жаңа жобаны әзірледі. Жобаның басты мақсаты – қосымша білім беру жүйесін кешенді жаңғыртудың үлгісін сынақтан өткізіп, кейін оны еліміздің өзге өңірлерінде жүзеге асыру.


картинг.jpg


Білім беру саласын орнықты дамыту қорының жобалар менеджері Рүстем Ермеков қосымша білім беру балалардың қызығушылығы мен қабілетін ашуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. 

«Мектеп базалық білім береді, ал үйірмелер мен секциялар баланың шынайы қызығушылығына терең үңілуге мүмкіндік жасайды. Бірақ көбіне бұл салаға қаржы қалдық принципімен бөлінеді. Жобаға қатысып жатқан жеті ұйымның екеуінде ғана аздаған жабдық болды. Ал бір нысан 80-жылдардан бері жаңартылмаған, тек мұғалімдердің ынта-жігерінің арқасында жұмыс істеп келген», – деді ол.

Ермековтің айтуынша, жоба аясында жасанды интеллект зертханалары, телестудиялар, подкаст жазуға арналған алаңдар ашылады. Бұл балаларға жаңа дағдыларды меңгеріп қана қоймай, кәсіби бағдар алуға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.


j-42.jpg


Жобаның әдістемелік негізін STEM тәсілі мен жобалық оқыту (PBL) құрайды. Қарағанды облысынан таңдап алынған жеті қосымша білім беру ұйымы терең трансформациядан өтеді. Әрқайсысы робототехника, VR, дыбыс жазу, телестудия сияқты заманауи зертханалармен жабдықталады. Сонымен қатар педагогтер арнайы оқудан өтеді. Жоба серіктестері қатарында Varwin (виртуалды шындық), Artisan (робототехника), MediaSchool (медиа бағыты), Kazdidac (педагогтердің біліктілігін арттыру) бар.

STEM-жоба 2024 жылдың шілдесінде басталып, 2025 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Осы кезеңде 26 жаңа үйірме ашылып, 43 үйірме жаңғыртылады, жалпы 7 мыңнан астам бала қамтылмақ. Жобаның қорытындысы ретінде еліміз бойынша үлгі ретінде қолдануға болатын үздік тәжірибелер жинағы дайындалады. Жобаның жалпы бюджеті 712,8 млн теңгені құрайды.

Қарағанды облысындағы STEM-бастама Қазақстандағы қосымша білім берудің рөлін қайта қарауға жасалған маңызды қадам болды. Жоба заманауи әдістемелер мен серіктестік негізіндегі жұмыс үйірмелерді болашақ инженерлердің, өнертапқыштар мен креаторлардың зертханасына айналдыратыны сөзсіз. 


техника.jpg