Құрметті пайдаланушылар, сайт сынақ режимінде жұмыс істейді. Ақпарат толықтырылуда.

Ганадан Катонқарағайға: шетелдік ұстаз ауыл оқушыларын ағылшын тілінде оқытады

# News
10 сентября, 2025

Қазақстанда ауыл мектептеріндегі балалардың ағылшын тілін меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған «Балаларға арналған ағылшын тілі» білім беру жобасы іске қосылды.

Ел тарихында алғаш рет ауылға шетелдік маман келіп, балаларға сабақ беру арқылы тілдік орта қалыптастырып отыр, деп хабарлайды furo.kz. Ол Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылындағы С. Ластаев атындағы мектепте жұмыс істейді. Айта кетсек, бұл мектеп 2019 жылдан бері Білім беруді тұрақты дамыту қорының жобасына қатысып келеді.


Бүгінгі таңда ағылшын тілі – жаһандық білімнің кілті. Ғылыми еңбектердің, жаңа технологиялар мен білім беру бастамаларының басым бөлігі осы тілде басталады. Алайда Қазақстанның ауыл мектептері әлі де білікті маман тапшылығы мен ағылшын тілді ортаның жоқтығын сезінуде, – дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев.

Осы мәселені шешу үшін Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың қолдауымен «Балаларға арналған ағылшын тілі» жобасын іске қосты. Жоба аясында шетелдік мұғалімдер шақырылып, оқушыларды халықаралық емтихандарға (IELTS, TOEFL) дайындау, сыни ойлауды дамыту және заманауи оқыту әдістемелерін енгізу көзделген.


Алғашқы шетелдік педагог – Ганадан келген Ебенезар Йебоа Овусу. Ол жаратылыстану ғылымдары бойынша педагогика магистрі, 2025 жылы Назарбаев университетінде білім беру саласы бойынша PhD бағдарламасын тәмамдаған. Осы уақытқа дейін Ганада биология, математика және жаратылыстану пәндерінен сабақ беріп, халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми журналдарда мақалалар жариялаған.


Мен STEAM бағытына негізделген трансдисциплинарлық білім беру саласын зерттеумен айналысамын. Жаратылыстану пәндерін оқытудағы тәжірибем маған STEM тұжырымдамаларын өнер мен тілдер арқылы түсіндіруге мүмкіндік берді. Қазақстандық жағдайда STEM тілдерді оқытуға, ал тілдер STEM-ді оқытуға сеп бола алады. Бұл студенттердің трансдисциплинарлық сауаттылығын дамытады, – дейді Ебенезар Йебоа Овусу.

Ганадан келген ұстаз Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының шақыруын қуана қабылдағанын айтады. Өйткені бұл оның өмірлік миссиясына толық сәйкес келеді.


Менің мақсаттарымның бірі – білімді БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары арқылы дамыту. Бұл жоба маған сондай мүмкіндік берді. Катонқарағайды табиғатты оқыту құралы ретінде пайдаланып, жергілікті ресурстар арқылы жаһандық құзыреттерді дамытуға болатын орта деп білемін. Бұл – табиғатпен етене араласу әрі оқу процесі. Жобаның даму қарқынына және жағдайларға байланысты мұнда кем дегенде 2-3 жыл боламын деп ойлаймын, – дейді ол.

Аталған жоба үш жылға жоспарланған. Осы уақыт ішінде шетелдік мұғалімдер ағылшын тілінен бөлек, пәнаралық сабақтар жүргізіп, факультативтер өткізеді, оқушыларды дебатқа, театр қойылымдарына, ғылыми үйірмелерге, жазғы лагерьлер мен шетелдік мектептермен бірлескен онлайн-жобаларға қатыстырады. Бұл толыққанды ағылшын тілді орта қалыптастырып, балаларды ынталандырады әрі XXI ғасыр дағдыларын дамытады.


Жақын арада бастамаға АҚШ, Нигерия, Филиппин және басқа да елдерден ұстаздарды тарту жоспарда бар.


 Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры – AITAS Foundation білім беру стратегияларын жүзеге асыратын ұйым. Қордың жобалары қатарында: «NIS Powered ауыл мектебі», «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін дамыту», «Google for Education» – Google-дың білім беру құралдарын ауыл мектептеріне енгізу жобасы бар. Сонымен қатар Қор Солтүстік Қазақстандағы шағын жинақты мектептерді дамытып, Маңғыстау облысында «Отпан» жобасы аясында 50 тірек мектепті дамытып келеді.