Семинар: Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту
2025 жылғы 21–29 сәуір аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы ауылдық жерлердегі тірек мектептерді қолдау жобасы аясында «Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту» тақырыбында пәндік семинарлар өткізді.
Семинарлар Алматы, Астана, Павлодар, Шымкент және Атырау қалаларындағы Зияткерлік мектептер базасында ұйымдастырылып, физика, химия, биология, география, тарих, көркем еңбек және музыка пәндерінің мұғалімдерін біріктірді. Педагогтар тәжірибе алмасып, оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған тиімді әдістерді талқылады.
Іс-шара барысында қатысушылар лабораториялық және практикалық жұмыстар орындап, шығармашылық жобалар әзірледі, сондай-ақ зерттеу тапсырмаларын орындаудың әдіс-тәсілдерін меңгерді. Мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа педагогикалық идеяларды ортаға салды.
Екі күндік семинарлардың қорытындысы бойынша педагогтар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, алған білімдерін күнделікті сабақ барысында қолдануға дайын екендіктерін білдірді. Олар осындай семинарлардың болашақта қайта өткізілуінің маңыздылығын атап өтті.
Ауылдық жерлердегі тірек мектептерді қолдау жобасы педагогтардың кәсіби дамуына үлес қосып, заманауи білім беру тәжірибелерін енгізуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

