Құрметті пайдаланушылар, сайт сынақ режимінде жұмыс істейді. Ақпарат толықтырылуда.

«Шағын мектептердегі үлкен өзгерістер» – Ералы Тоғжанов

# Статья
14 апреля, 2025

Соңғы жылдары халық ауылдан көшіп жатыр. Ауылдан адам неге кетеді? Ең алдымен халыққа қолайлы жағдай болмаған соң кетеді. Кетіп жатқандардың 60% жастар. Мысалы, Ақтөбенің өзінде 2020, 2021 2021 жж. 17 мың адам ауылдан көшіп кеткен. Адам ауылдан кеткенімен ондағы проблема шешілмейді, керісінше мәселе туындайды. Түбінде ол ауылдың мектебі жабылады, тұрмыстық жағдайы құлдырайды, көп ұзамай ауыл да жабылады. Бір жылдың ішінде елде 75 мектеп жабылып жатыр. 


Ауылда халықты алып қалудың жолы жұмыспен қаматамыз ету, әлеуметтік жағдайын көтеру һәм табыс көзін аттыру. Мұның бір бағыты білім саласымен тікелей байланысты. Жағдай жасалса да, халық ол ауылда қалмауы мүмкін. Көшу процессін тежегенімен,  толық тоқтата алмаймыз. Себебі ауылда білім деңгейі көтерілмесе, баласының болашағын ойлайтын ата-ана ондк қалмайды. Вице-премьер болып тұрғанда Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ақтөбе облысы әкімі болып барғанда жобаны өңірде жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Ауылдағы білім саласы мәселесі күн тәртібіне шықты. «Не істеу керек?» деген сұрақ пайда болды. Бұл сұраққа жауап ретінде «Bilim ALL» жобасы пайда болды. Мақсаты - ауылда тұратын азаматтардың білімін көтеретін жоба жасау.  Білімді көтеру ең алдымен ауылдағы кадрға байланысты,  ал ауылды жерлерде мұғалімдердің тапшылығы өте үлкен проблема.  


Жыл сайын әр облыста 200-ге жуық маман тапшылығы туындап отырады. Әсіресе ауылда физика, химия, ағылшын тілі сияқты негізгі пәндерден сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Біз мұның орнын толтыру үшін арнайы бағдарлама жасап, оқушылардың білім деңгейін анықтап, онлайн сабақ беретін мұғалімдерді дайындадық. Сол кезде шағын мектептегі білім деңгейі облыс орталығындағы мектептің деңгейінен 15% пайыз артта болып шықты.   2023 жылы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жобаның нәтижесін көріп, «Ақтөбе облысын шағын мектептерді оқытудың республикалық орталығы» деп белгілеп кетті. Себебі жобаның алғашқы жылында ауылда оқитын балалардың деңгейі 15%-дан 10,3%-ға азайған еді.  


Білім беру саласын тұрақты дамыту қорындағы әріптестер бұл жобамен танысып, оны толықтай қолдады. Жай сөзбен емес, нақты іспен қолдап, мақсатты түрде үлкен қаржымен келді. Олардың тәжірибесі шағын мектептер мен тірек мектептерді байланыстырды. Соның арқасында толыққанды жоба пайда болды: мүмкіндігі шектеулі шағын мектептер онлайн оқытыла бастады, ауылдағы мектептерді бір мектептің айналасына топтасты, тағы бір маңыздысы ондағы кадрлар біліктілігін арттырды. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, білімді нақты ауылға жеткізудің жолын дәлелдеді. Сөз жоқ, мұндай жоба қажет болды. Сондықтан бұл ұсынысты бірден қолдадым. 


Таяуда Премьер-министр Ақтөбе облысының Бадамша ауылына барып, жобаны жоғары бағалап, бүкіл Қазақстанға таратуға тапсырма берді. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстары шағын мектептері көп сияқты өңірлерге ауадай қажет жоба. Сол себепті мұны бүкіл ел аумағында тарату керек, бұл бір облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәселесі.  


Болашақта бұл жобалар бүкіл ел бойынша табысты іске асатынына сенемін. Өйткені елдің дамуы адами капиталға байланысты. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры іске асырып жатқан жобалар адами капиталды дамытудың үлкен тетігі, жолы мен шешімі деп айтсам артық емес. Ол елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мемлекеттің қауіпсіздігі және болашақта даму кепілі. Биыл қордың алдына қойып отырған мақсат-міндеттері бар. Ауылдағы білімді көтеруге мүдделі барлық тараптармен бірлесіп, оларды табысты іске асыратынымызға сенемін. 


Құрметпен,

«Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының» қамқоршылық кеңесінің тең төрағасы

Ералы Тоғжанов