Тірек мектептер - білім беру мүмкіндіктерін кеңейту құралы — Болат Жәмішев
«Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік қолдау шараларын толықтыра отырып, өмірдің негізгі салаларында қазақстандықтардың алдында тұрған өзекті мәселелерді шешу үшін құрылған. Қордың негізгі миссиясы – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт сияқты салаларда қайырымдылық көмек көрсету.
Білім беру саласындағы басым бағыттарды айқындау кезінде ауылдағы білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет екені белгілі болды. Соңғы жылдардағы статистика білім сапасының нашарлағанын растап отыр.
Ауыл мектептеріндегі проблемаларды зерделеу кезінде оларда материалдық-техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі, педагогтердің дайындығы деңгейінің төмендігі мен кадр тапшылығы анықталды. Соның салдарынан ауылдағы білім деңгейі бірқатар көрсеткіш бойынша қаладағы білім көрсеткішінен артта қалды. Бұл Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндамасында көрсетілген. «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның 2018 жылғы есебіне сәйкес, ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасы қала мектептерімен салыстырғанда оқу сауаттылығы бойынша 38 ұпай, математикалық сауаттылық бойынша 22 ұпай, жаратылыстану сауаттылығы бойынша 23 ұпай төмен. Ауыл оқушылары компьютерлік сауаттылық бойынша қаладағы оқушылардан 70 ұпайға қалып отыр.
Осы мәселелерді шешу үшін 2022 жылы Қазақстан бойынша 200-ге жуық тірек мектепт желісін құруды көздейтін «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бастамасы әзірленді.
AITAS холдингі «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасы аясында Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы бес мектепті жаңғыртып, бұл модельді жүзеге асырудың жемісті мысалын көрсетті. Холдингтің негізін қалаушы Серік Толықпаев мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға ғана емес, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы білім беру ортасын құруға баса назар аударды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) мамандары ауыл мұғалімдерімен өз әдіс-тәсілдерімен бөлісті, бұл тәжірибе алмасуға және алдыңғы қатарлы білім беру тәжірибесін енгізуге ықпал етті.
«Қазақстан халқына» қорының бастамасымен жүзеге асырылған жобаның табысты болуына қайырымдылық ұйымдары, бизнес пен үкімет арасындағы серіктестік басты рөл атқарды, бұл оның бүкіл Қазақстан бойынша тиімді түрде таралуына мүмкіндік берді. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Оқу-ағарту министрлігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ және облыс әкімдіктерімен бірлескен жұмыс республика бойынша 135 мектепті жаңғыртуға мүмкіндік берді. Тағы 56 білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу жоспары бар.
Жобаның жұмыс істегеніне аз ғана уақыт болса да, біздің бастамамыз қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп жатыр. Мектеп оқушыларына жүргізілген тестілеу нәтижесі оқу үлгерімінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетті, педагогтер жаңа білім мен дағдыларды игеріп қана қоймай, білім сапасын арттыруға қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізді.
2025 жылы бастама іске асырылып болғаннан кейін тірек мектептерді автономды оқу орындарына айналдыру жоспарланып отыр. Бұл оларға оқу бағдарламаларын жергілікті оұушылардың қажеттіліктеріне икемдеп бейімдеуге және олардың дамуы үшін қосымша ресурстарды тартуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан халқына» қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жұмысының келесі кезеңі өткен жылы біз бастаған шағын жинақты мектептерді дамыту жобасы болды. Қазақстандағы әрбір екінші ауыл мектебінде кадр тапшы. Бұл мектептердің көпшілігінде түрлі жастағы және түрлі сыныптағы балалар бір сыныпта оқуы мүмкін. Бұл формат білікті пән мұғалімдерінің тапшылығына әкеледі. Мамандарға штаттық орындарды бөлу мүмкіндіктерінің шектеулі болуы оларды ауылдық жерлерге тартып, онда ұстап қалуды қиындатады.
Шағын жинақты мектептердің көпшілігінде мұғалімдер арнайы дайындығы жоқ пәндерден сабақ беруге мәжбүр, бұл білім сапасына кері әсер етеді. Сонымен қатар, көп жағдайда ауыл мұғалімдеріне кәсіби қолдау жетіспейді, ал аудандарда басқа мектептерге үлгі болатын құзырет орталықтары жоқ.
Аталған факторларды жою үшін біз Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектепті қамтыған «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске қостық. Жоба аясында мектептерде оқытуға арналған цифрлық кабинеттер құрылды, НЗМ стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, цифрлық шешімдерді пайдалану сияқты төрт даму моделін әзірледі.
Осылайша, тірек мектептер шағын оқу орындары үшін құзырет орталықтарының рөлін атқара бастады. Тірек мектептердің мұғалімдері шағын жинақты мектептің оқушылары үшін онлайн және офлайн режимде сабақ өткізіп, пән мүғалімдерінің тапшылығын толтырады. Жақын маңдағы шағын мектептердің оқушылары жекелеген пәндерді оқу үшін тірек мектептерге баруға мүмкіндігіне ие болады. Бұл білім беру ресурстары тиімдірек бөлінетін және ауыл мектептеріндегі білім сапасы біртіндеп теңестірілетін өзара қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Жобаны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырып жатыр.
2024 жылы желтоқсанда өткен Үкімет отырысында пилоттық жобаның соңғы нәтижелері жоғары бағаланды. Премьер-министр ел бойынша шағын жинақты мектептердің қуатын арттыру үшін жобаны кеңінен тарату туралы тапсырма берді.
Бұл жобалардың арқасында балалар қай жерде тұрғанына қарамастан, білім мен дағдыларды игеру үшін тең мүмкіндіктерге ие болады. Ауыл мектептеріне білім берудің озық әдістерін енгізуге көмектесетін кешенді оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жүйесі құрылды. Өз кезегінде, шағын жинақты мектептердегі сабақ заманауи жабдықты қолданудың арқасында қызықты және интерактивті бола бастады.
Қолға алған жобалардың аясында біз сынақтан өткізген тәжірибелер мен әдістер мемлекеттік деңгейде масштабтау үшін жақсы үлгі болып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Біздің бастамаларымыз ауыл мен қаладағы білім арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған жұмысты жалғастырады деп сенеміз, өйткені білім сапасын үздіксіз арттыру – еліміздің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің бір шарты.



Өткен 2024 жыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қорын қалыптастыру мен нығайтудың маңызды кезеңі болды.
Біріншіден, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы тұрақты дамып келеді. Бір жылда біз қосымша 56 білім беру нысанын қосып, олардың санын 135-ке жеткіздік. Осылайша 2029 жылға қойылған мақсат – Қазақстанның барлық әкімшілік аумақтарында тірек мектептер желісін қалыптастыруға бір қадам жақындауға мүмкіндік берді. Бұл бізге тірек мектептерге арналған ауқымды бағдарламаны сапалы аяқтап, олардың болашақта институт ретінде тұрақтылығын қамтамасыз ету және қорды дамытудың жаңа векторын анықтау жауапкершілігін жүктейді.