Цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту
Оқыту тиімділігін арттыруға бағытталған бұл жоба шағын жинақты мектептерде (ШЖМ) цифрлық ресурстарды пайдалану арқылы білім беру процесін ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылды. Онда педагогтерді кәсіби дамыту мен оларды әдістемелік қолдау механизмдері де қолданылды.
Жобаның жүзеге асуына келесі ұйымдар қолдау көрсетті:
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры - материалдық базаны жаңарту процесін қаржыландырды;
Ақтөбе облысының әкімдігіі - әкімшілік қолдау көрсету, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы білім беру процесін ұйымдастыру, педагогтердің еңбекақысын төлеумен айналысты;
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры - жобаны әдістемелік үйлестіру, мектептерге қажет құрал-жабдықтар тізімін жасау, оларды жеткізу және балансқа қою, 142 шағын жинақты мектептің 6, 8, 10-сыныптарына мониторинг жүргізу, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға байланысты әкімшілік және операциялық шығындардың өтелуін қамтамасыз етті;
ҚР Оқу-ағарту министрлігі және оның құрылымдық бөлімшелері жобаны әдістемелік және аналитикалық тұрғыдан қолдап, педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби дамуын бақылады.
Цифрлық білім беру платформалары бар ұйымдар - мектептерді ресурстармен қамтамасыз ету, платформалар, LMS жүйелері, оқу материалдары мен құралдардың жиынтығын қолжетімді қылу, онлайн оқытуды қамтамасыз ету, сандық технологияларды қолдану кезінде техникалық қолдау көрсету, педагогтердің сұранысы бойынша контентті жаңартумен айналысты.
Жобаға 134 шағын жинақты мектеп қатысты. Жобадағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2 064 199 025 теңге бөлді.
Жобаның серіктестері оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға, әдістемелік қолдау көрсетуге, білім беру платформаларының ресурстарымен қамтамасыз етуге және әкімшілік шығындарға өз бюджеттерінен 1 619 934 600 теңге жұмсады.
Жобаны кеңейту нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы 39 шағын жинақты мектептің әлеуеті күшейтілді. 72 оқу кабинеті жаңғыртылып, материалдық-техникалық базаны жақсартуға 1,8 млрд теңге бағытталды.