22 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары, STEM зертханасы, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана – мұның бәрі «Қазақстан Халқына» қоры аясында жүзеге асырылған 250 млн теңгеге жуық қаржының арқасында мүмкін болды. Жобаның доноры – Beeline Kazakhstan компаниясы.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беруді тұрақты дамыту қорының және жоба серіктесі мамандарының командасы мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдауды аяқтады. Оның негізінде мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру үшін қажетті курстар жөнінде ұсыныстар жасалды.
Педагогикалық құрамға арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылдың ақпанына дейін өткізіледі. Оны аяқтағаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге ауысады.
«Ең алдымен Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратынын айта кету керек. Сондықтан ауыл оқушыларының қала оқушыларымен тең мүмкіндіктері болуы керек. Біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, онсыз ауыл білімін көтеру мүмкін емес. Біздің жоба Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 мыңға жуық бала оқиды және 2 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді», – деді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жаңартылған мектеп Қазақстан Республикасының Сенаторы Амангелді Төлемісовтың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінің, сондай-ақ жобаның серіктестері мен демеушілерінің қатысуымен «Ашық есік күні» форматында ұсынылды. Ұйымдастырушылар оқу бағдарламасының нәтижелері туралы айтып, жаңартылған мектептің презентациясын өткізді.