Жаңалықтар ФУРО

Ақтөбе облысында білім беру саласын қандай жаңалықтар күтіп тұр

Ақтөбеде білім қызметкерлерінің республикалық «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты тамыз кеңесі өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны - 1200 адам.
Облыс әкімі биыл республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өткізіліп жатқанын алға тартты. Тамыз кеңесінің жаңашылдығы - еліміздің барлық 20 өңірі тақырыптық бағытқа бөлінген.
«Ақтөбе облысына «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбы берілген. Қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру – басым міндеттер қатарында. Жүйелі жұмыс, сапалы жобалар нәтижесінде білім алшақтығын азайтуға қол жеткізілді. Өңірдегі 404 мектептің 70%-ы - ауыл мектебі. Оның ішінде 204-і - шағын жинақты. Алайда ауыл мектептеріндегі бала саны қаламен салыстырғанда әлдеқайда аз. Облыстағы барлық оқушының 9%-ы ғана ауыл мектебінде оқиды. Ауылдық мектептердің толымдығы, қала мектептеріне қарағанда 10 есеге төмен», - деп атап өтті облыс әкімі.
Ақтөбе облысында ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында бірнеше жобалар іске қосылған.
Ақтөбе облысындағы 404 жалпы білім беретін орта мектептің 72,5 пайызы – ауылдарда. Ал олардың 204-і шағын комплектілі. Бүгінгі таңда жобаға 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты білім ордасы іріктеліп алынған екен.
«Біздің жобамен 12 тірек мектеп және 134 шағын жинақталған мектеп қамтылды. Мұнда біз «Қазақстан халқына» қорымен және НЗМ-мен бірлесіп, мектептердің материалдық базасын жақсарту, оларды жарақтандыру, педагогтердің біліктілігін арттыру және т.б. бойынша кешенді жұмыс істейміз. Қор құрылған сәттен бастап әлемдік үздік білім беру тәжірибелерін интеграциялау және тарату алаңына айналды, біз қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс айтамыз және осындай жобалар еліміздің басқа да салаларында іске асырылады деп үміттенеміз», - деді «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының директор Данияр Тоқтарбаев.
Сессия тамыз кеңесінің қарарын қабылдаумен аяқталды.