Арал ауданы облыс орталығы Қызылорда қаласынан 446 км қашықтықта орналасқан. Жарасқан Әбдірашев атындағы мектеп ғимаратының негізі 1986 жылы қаланған, 2016 жылы жөндеу жүргізілген Қазір мектепте 1260 оқушы оқып, 142 педагог жұмыс істейді.
«Қор құрылған 2022 жылдан бері 20-дан астам жобаға демеуші болдық. Сіздер көріп отырған бүгінгі жоба – бір парасы ғана. Жобаға қатысушы мектептер тек әдемі, жайлы оқу ордасы болып қалмай, аудандағы басқа мектептерге көмекші, тірек болса дейміз. Сол үшін барлығы бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Жұмыс әлі де жалғасады. Аудандардағы мектептерде пән мұғалімдері жетіспейтіні белгілі. Ендігі жерде осындай тірек мектептердің ұжымы басқа білім ордаларына көмектесетін болады. Мектеп бағдарламасына қоса әр мектепте робототехника үйірмесін ашуға ден қойдық. Бұл келешекте өз жемісін береді деп сенеміз», – дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Робототехника үйірмесі нәтижесін көп күттірмеді. Мектеп оқушысы Ернар Алтынбеков жақында ғана «сумо-робот» құрастырып, аудандық бәйгеде 2-орынды иеленген. «Робототехникаға 5-сыныптан қызығамын. Алғашында теледидардан, интернеттен қарап, робот жасау өнерін үйренгім келетін. Одан достарымның үйіне барып жасап көретінбіз. Жақында жасаған роботымды қазылар алқасы ұнатып, аудандық жарыста жүлделі орын алдым», дейді жас робот құрастырушы.
Мектепте қызмет еткеніне 2 жылға жуықтаған жас маман – Гүлсезім Жақсылықова сабаққа қажет құралдардың сатып алынып, көрнекілік қатары толыққанына қуанышты. «Жас мамандарға мүмкіндік беріліп отырғанына ризамын. Лицей тірке мектепке айналғалы оқушыларымыз сурет сабағына қажет заттарды үйлерінен алып келмейтін болды. Қазір суретке қажет құралдың барлығы мектепте бар. Оқушыларға түрлі стильдерді көрсетіп, таныстыруға мүмкіндік туды, тіпті киізбен де жұмыс істейміз», дейді Гүлсезім Сұлтанқызы.
Мектеп-лицей директоры Жасұлан Айтжановтың айтуынша, жоба аясында мектеп-лицейде жүргізілген жұмыстар оқушылардың білім алуымен қатар, шығармашылығын шыңдауға да жол ашып отыр. «Ұстаздарымыз біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты, енді жаңаша жұмыс істеп жатыр. Бұрын тек теориямен шектелсе, енді практикалық жұмыс жүргізуге қол жетіп отыр. 107 педагог Түркістан қаласындағы НЗМ-де дайындықтан өтіп, қазір оқушылардың білім сапасын арттыру жолында еңбек етіп жүр. Ауданда 15 мектеп серіктес мектеп ретінде белгіленді. Қазір ұстаздарымыз сол оқу ордаларында сабақ өткізіп, білгенін үйретіп келеді. Басқа мектептерде STEM-лаборатория, арт-студия мен робототехника үйірмесі болмағандықтан, сабақ кестесі ыңғайлы болса, оқушылар мектебіміздегі үйірмелерге қатыса алады», деді Жасұлан Махамбетұлы.