Жаңалықтар ФУРО

Елімізде RoboLand 2023 робототехника фестивалі өтеді

RoboLand 2023 робототехника және инновациялық технологиялар фестиваліне әлемнің 6 мемлекетінен 900-ден астам қатысушы келеді деп жоспарланып отыр

Іріктеу кезеңінің нәтижесінде VIII Халықаралық фестивалінің финалистері анықталды. Биыл Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия елдерінен 328 команда қатысады. Фестивальде бақ сынайтын жастардың жалпы саны — 900-ден астам.
RoboLand 2023 робототехника, бағдармалау және инновациялық технологиялар
VIII Халықаралық фестивалі 3-4 қарашада Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде өтеді.
Фестивальді Қарағанды облысының Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасының оқу жабдықтарын өндірушілер мен жабдықтаушылар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырып жатыр. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жобаның серіктесі ретінде қатысып отыр.

Фестивальдің бас серіктесі – AITAS холдингі. Холдингтің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың айтуынша, білім беру жобаларын қолдау — ел келешегіне құйылған инвестиция.

«Заманауи технологиялар өндіріс сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Процестерді автоматтандыру — тұрақты даму мен бәсекелестікте басымдыққа ие болудың маңызды факторы. Бұны өз тәжірибемізден жақсы білеміз. AITAS холдингі — Қазақстандағы АӨК саласындағы ең ірі холдинг ретінде инновациялық әдістер мен үрдістерді басқарудағы жаңалықтарға маңыз береді. Холдинг басқаруындағы құс фабрикасы бақылау мен технологиялық процестерді басқаратын толықтай автоматтандырылған жүйемен қамтылған, ал Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарында ауылшаруашылық өнімдерін шығарумен айналысатын Aitas Agro агрохолдингі Agritech саласындағы көшбасшы саналады. Agritech өндіріс пен басқару процестерінде заманға сай жаңа технологияларды енгізіп келеді», - дейді Серік Толықпаев.
Іріктеу кезеңінде байқау комиссиясы 328 команданы іріктеді. Олардың 34-і жақын шетелден келетін команда. Сонымен қатар 35 команда Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобасына қатысушы тірек мектептер желісінің атынан шығады.
«Фестивальдің бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Робототехника – цифрлы экономика мен 4.0 индустриясының жүрегі, сондықтан робототехниканы оқу бағдарламасына қосу – жаңа ұрпақты оқытудың ажырамас бөлігі деген ойдамыз. Roboland-ке қатысу оқушыларға алдыңғы қатарлы заманауи технологиялармен жұмысқа қажет дағдыларды дамытуға, робототехника, автоматтандыру мен жасанды интеллектіге қатысты болашақ мамандығына бейімделуге бірегей мүмкіндік береді. Фестивальге қатысып жатқан ауыл мектептерінің саны да аз емес екен. Бұл да бір қуанышты жаңалық», - дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Биыл додаға балалар мен жасөспірімдер ғана емес педагогтер де қатысады. Олар Roboland Kazakhstan категориясында бақ сынайды. Жалпы білім бәйгесінде 17 категория қарастырылып отыр: «Робот жинау», «Сумо», «Лабиринт», «3D прототиптеу», «Роботтармен шоу» және басқалары.

Фестивальдің басты мақсаты – балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығын шыңдап, инновациялық еңбекті дәріптеу, білім беру робототехникасы саласында тәжірибе алмасу, робототехника бойынша мықты командаларды анықтау.