Жаңалықтар ФУРО

Серпін берген бастама

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясындағы кезекті оқу ордасы – Түркістан облысы Шәуілдір ауылындағы №4 Ә.Жәнібеков лицей-интернаты.

Бүгін аталған білім ордасында «Ашық есік күні» форматында өткен іс-шарада жоба таныстырылып, мектепке қатысты жоспар жергілікті азаматтар назарына ұсынылды. Түркістаннан 74 км жерде орналасқан ауылда 7 263 адам тұрады. Мектеп жұмысын 1936 жылы бастаған, қазір 500-ге жуық бала оқиды. Оларға 129 мұғалім білім береді.
5 «В» сыныбының оқушысы Айару Нұрлан мен Алуа Есенгелді жақында ғана шығармасында жазған мектептің балалық арман болып қалмай, шындыққа айналатынына қуанып жүр. «Мектебімізде компьютерлер болсын, сабақтар еркін өтсе екен деп» қиялына ерік берген оқушы қыздар бүгінде мектебінің жаңаланғанына дән риза екенін айтып, ағынан жарылды. «Сабақтарымыз қызықты өтеді. Лабораториялар, сурет сабағы, шахмат ойындары әсіресе ұнайды», – дейді балалар.
Ал мектепте үш баласы оқып жүрген Бақытгүл Малжігітова кейінгі кездегі өзгерістердің балаларға оң әсер еткенін айтады. «Балаларым 3, 5, 9-сыныптарда оқиды. Мектеп бағдарламасындағы пәндерге қызығушылығы артып, ерекше сүйсініп оқиды. Мысалы, биология, химия сүйікті сабақтарына айналды. Бұл игі бастама Қазақстанның басқа да аймақтарында жалғасын тапса деген тілегім бар», - дейді ол.
Оқушылардың қуанатын реті бар. Өйткені жоба білім беру сапасын арттырып, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуді мақсат етіп, тірек мектептерді қажет материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба аясында оқу кабинеттері, STEM лаборатория, телестудия жасақталмақ.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мамандарының тәжірибесімен мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірленіп, ұстаздарға қажетті біліктілік арттыру курстары өткізіліп жатыр. Мектептегі 129 мұғалімнің 81-і НЗМ-ге арнайы барып оқып, ал 55-ке жуығы тағылымдамадан өткен.
Еңбек пәнінің мұғалімі – Құрмангүл апай жоба аясында 12 тігін машинасы беріліп, енді оқушылардың жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік пайда болғанына қуанышты. «Көпфункциялы тігін машиналары келгелі оқушылар өз алдына жұмыс істейтін болды. Одан бөлек аспаздық бөлімі де қажет жабдықтармен қамтылды. Енді балалардың жеке заттары бар, бұрынғыдай ортақтасып, бірігіп жұмыс істемейді. Міне, қыздар өздеріне алжапқыш тігіп жатыр. Мектеп бағдарламасына қажет заттар бар, бәрін іс жүзінде көрсетіп, үйрете аламыз. Бұл өзгерістерге шын қуаныштымыз», – деді мұғалім.
«Бүгін жақсы бір жобаның тұсауы кесілді. Көріп отырғаныңыздай, ауылдық мектепке барынша жағдай жасалып, заманауи технологиялар келді. Түркістан облысында 500 мыңнан астам оқушы бар, жалпы бала саны – 800 мыңнан асады. Сондықтан облыс үшін балалардың сапалы білім алып, жарқын болашаққа жағдай жасауымыз аймақ үшін ғана емес, республикамыз үшін маңызды. Соның бастамасы ретінде Шәуілдір мектебіне көңіл бөліп, тек жабдықпен емес, НЗМ мамандарын шақырып, мазмұнмен де толтыруы біз үшін үлкен көмек. Бұл оң нәтижесін беріп, келешекте ауыл баласының қаладағы оқушылармен теңдей білім алуын қамтамасыз етеді деген сенімдеміз», – дейді Түркістан облысы Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
№4 Ә.Жәнібеков лицей-интернатының директоры Әділхан Әріпбеков жоба бастамашыларына, қолдаған серіктестеріне алғысын білдірді. «Бұл игі іске бастамашы болғандарға өзімнің, ұжымның атынан алғысымды айтқым келеді. Мектепке жалпы құны 250 млн теңге тұратын құрал-жабдық әкелінді. Мектепте қазір 129 мұғалім қызмет етеді. Олардың біреуі – шебер, 26 зерттеуші, 29 сарапшы, 26 модератор бар. «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» 81 мұғалім оқып келді, 55 ұстаз педагогикалық шеберлік орталықтарында дайындықтан өтті. Шымкенттегі 2 «Назарбаев Зияткерлік мектебімен», Түркістандағы мамандармен тығыз байланыстамыз. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, білімді ұрпақ тәрбиелейміз деген үмітіміз бар», – деді білім ордасының басшысы.
Жобаның қаржыландырылуы «Қазақстан Халқына» қоры тарапынан жүргізіліп, оған 250 млн теңге бөлінді. Beeline Kazakhstan компаниясы жоба доноры ретінде танылады.
«Бұл мәселені жүйелі және кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірлесе ауылдық тірек мектептерді дамыту туралы шешім қабылдады. Қор мектептердің іс жүзінде құзыреттілік орталықтарына айналып, басқа мектептердегі оқыту сапасын арттыруға ықпал етуі керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында біз 17 ауылдық тірек мектепті жабдықтаймыз және әдістемелік қолдау көрсетеміз. Бүгінге дейін өңірлердегі 11 мектеп қажет технология, жиһазбен жарақтандырылды. Осылайша, ол оқу орындарындағы үйретілетін білім мен дағды жақын маңдағы шағын комплектілі мектептерге үлгі болмақ. Өйткені бұл мектептерде материалдық-техникалық база мен кадр мәселесі өте өзекті», - деп атап өтті Ләззат Шыңғысбаева.
Ал Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев Шәуілдірдегі мектептің материалдық базасы толықтай жаңартылып, ұстаздары оқыту, тәжірибе алмасу курстарынан өтіп жатқанын хабарлады. «Білім сапасының деңгейін көтеру бойынша жоспар көп, жұмыс әрі қарай жалғасады. Біздің қор тірек мектептерді дамытумен айналысады. Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға жуық мұғалім жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқыту бағдарламасы жоба серіктесі НЗМ көмегімен тегін өткізілуде. Барлық операциялық және әкімшілік шығындарды AITAS холдингінің демеушілік қаражатымен ББТДҚ жүргізуде», – деді Данияр Тоқтарбаев.