Жаңалықтар ФУРО

Оқушыларға жағдайды бүгін жасау керек

Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев Jibek Joly арнасындағы JJ Talk бағдарламасына қатысып, ауыл мектептеріндегі білім беру сапасына қатысты мәселелерге тоқталып, ауыл мектептерін жарақтандыру, қаржыландыру бойынша жұмыстарды атап өтті.
Бағдарламаға сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына қарасты Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мұқышева, Qadam school жекеменшік мектебінің негізін қалаушы Шәкәрім Сейсенбаев қатысты.

Жүргізуші Ерболат Мұхамеджан PISA халықаралық бағдарламасы мәліметіне сүйеніп ауыл мен қала мектептеріндегі білім алшақтығы 1,5 тіпті 2 жылды құрайтынын мәлімдеді. Осы ретте Данияр Тоқтарбаев республикамыздағы оқушылардың 40%-ы ауыл мектептерінде білім алып жатқанын, ал оның Қазақстанның келешектегі әлеуетінің 40%-ы екенін атап өтті.
«Зерттеу нәтижесін, заңнаманың өзгеруін күтетін уақыт жоқ. Ауылдағы балалар бүгін оқып жатыр, ол қазір білім алып жүр. Сондықтан, менің ойымша, олардың жағдайын қазір жасау керек», - деді Д.Тоқтарбаев.
Қор басшысы бағдарламада қор жұмысының қалай басталғанын, қандай жобалар атқарып жатқанын айта келе, биыл жобаға қатысушы мектептер саны 63-ке жеткенін, осылайша 58 мыңға жуық оқушыға жаңа мүмкіндік ашылғанын және мектептер саны әлі де артатынын хабарлады.

Данияр Тоқтарбаев балалардың сапалы білім алу үшін тұрғылықты үйінен, ата-анасынан алыстауын құптамайтынын баса айтты.
«Ата заңда да баланың сапалы орта білім алуына кепілдік берілген. Сапалы білім баланың тұрып жатқан жеріне, ата-анасының әлеуметтік жағдайына байланысты болмауы керек деген ойдамын. Біз үнемі осы жағдайға байланысты тиісті министрлікке сұрақ қоямыз. Бір сәтке қалай көмектесе аламыз деп те ойлану керек. Біздің жоба дәл осы сұрақтан пайда болды», - деді ол.
Бағдарлама соңында спикерлердің кадр мәселесіне қатысты сұраққа ББСТДҚ өкілі ауыл мектептерінде оқытуға қажет құрал-жабдықтар, заманауи технологиялар болса ауылға көшуге дайын мұғалім табылатынын, яғни кадр мәселесін мектептерге жағдай жасаумен шешуге болатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Д.Тоқтарбаев бүгінгі таңда білім беру жобаларына министрліктердің, жергілікті атқарушы биліктің қолдауы жақсы екенін айтты.
«Жоба жоспарын ұсынғанда аймақ әкімдері де өз үлесін қосуға ниет білдіреді. Былтыр 13 мектепті алсақ, биыл 63 мектеп қатысты. Келесі жылы 11қ мектепті жаңартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Қазақстанның әр ауданында, әр әкімшілік орталығында бір-бір тірек мектептен ашып, магнит мектептерді жалғауды қарастырып отырмыз», - деп түйіндеді ол.