Жаңалықтар ФУРО

Аралдағы мектепте робототехника, сурет үйірмелері ашылды



Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды.

Іс-шара ашық есік күні форматында өтіп, мектеппен танысуға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, БАҚ өкілдері мен жоба серіктестері, демеушілері шақырылды. Оқыту бағдарламасының нәтижесі айтылып, мектептің жаңарған материалдық базасы назарға ұсынылды.
Арал ауданы облыс орталығы Қызылорда қаласынан 446 км қашықтықта орналасқан. Жарасқан Әбдірашев атындағы мектеп ғимаратының негізі 1986 жылы қаланған, 2016 жылы жөндеу жүргізілген Қазір мектепте 1260 оқушы оқып, 142 педагог жұмыс істейді.
Жоба аясында бүгінде мұғалімдердің біліктілігін арттырып, мектептің материалды-техникалық базасын толығымен жаңарту мүмкін болып отыр. Атап айтар болсақ, мектептегі 33 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары толықтай жабдықталды. STEM-лабораториялар, арт-студия мен интеллектум-кабинет ашылып, акт залы мен кітапхана заманауи техникамен жарақтандырылды. Бұның барлығына «Қазақстан Халқына» қорының бағдарламасы аясында 249 825 000 теңге қаражат бөлінді. Жалпы, таңдалған мектептердің білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеу мақсатындағы жұмыстар жалғаса бермек.
Бұдан бөлек Арал ауданындағы осы лицейде мектеп телестудиясы да жасақталады. Бұл келешекте мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсету мүмкіндігін береді.
«Қор құрылған 2022 жылдан бері 20-дан астам жобаға демеуші болдық. Сіздер көріп отырған бүгінгі жоба – бір парасы ғана. Жобаға қатысушы мектептер тек әдемі, жайлы оқу ордасы болып қалмай, аудандағы басқа мектептерге көмекші, тірек болса дейміз. Сол үшін барлығы бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Жұмыс әлі де жалғасады. Аудандардағы мектептерде пән мұғалімдері жетіспейтіні белгілі. Ендігі жерде осындай тірек мектептердің ұжымы басқа білім ордаларына көмектесетін болады. Мектеп бағдарламасына қоса әр мектепте робототехника үйірмесін ашуға ден қойдық. Бұл келешекте өз жемісін береді деп сенеміз», – дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Робототехника үйірмесі нәтижесін көп күттірмеді. Мектеп оқушысы Ернар Алтынбеков жақында ғана «сумо-робот» құрастырып, аудандық бәйгеде 2-орынды иеленген. «Робототехникаға 5-сыныптан қызығамын. Алғашында теледидардан, интернеттен қарап, робот жасау өнерін үйренгім келетін. Одан достарымның үйіне барып жасап көретінбіз. Жақында жасаған роботымды қазылар алқасы ұнатып, аудандық жарыста жүлделі орын алдым», дейді жас робот құрастырушы.
Мектепте қызмет еткеніне 2 жылға жуықтаған жас маман – Гүлсезім Жақсылықова сабаққа қажет құралдардың сатып алынып, көрнекілік қатары толыққанына қуанышты. «Жас мамандарға мүмкіндік беріліп отырғанына ризамын. Лицей тірке мектепке айналғалы оқушыларымыз сурет сабағына қажет заттарды үйлерінен алып келмейтін болды. Қазір суретке қажет құралдың барлығы мектепте бар. Оқушыларға түрлі стильдерді көрсетіп, таныстыруға мүмкіндік туды, тіпті киізбен де жұмыс істейміз», дейді Гүлсезім Сұлтанқызы.
Жоба басталғанда Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандары Жарасқан Әбдірашев атындағы мектеп-лицейіндегі білім беру сапасы мен ортасына қатысты талдау жүргізді. Талдау қорытындысының негізінде сарапшылар білім ордасын тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар беріп, сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қажет курстар белгілеп, жоспар дайындады.
Соған сай 2022 жылғы 3-5 қараша аралығында Түркістан қаласындағы НЗМ-де «Оқушылардың функционал сауатын қалыптастыру» тақырыбында барлық пән мұғаліміне арналған 2 күндік офлайн оқыту курсы өткізілді. Республикалық «Білім беру бағдарламалары орталығы» (Астана қ.) тренерлері мен Түркістан НЗМ оқытушы-тренерлері мұғалімдерге мектеп бағдарламасындағы 14 пән бойынша курс жүргізді. Оған қоса қарашада мектеп мұғалімдері Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-де тағылымдамадан өтті.

2022 жылғы 21–22 қазанда мектеп директорының орынбасары «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ЖЫЛЫ» НЗМ халықаралық конференциясына қатысты.

12-13 қаңтарда «Педагогикалық шеберлік орталығының» Қызылордадағы бөлімшесінде «Дифференциалды оқыту – тиімді жеке қатынас» тақырыбында семинар-практикум ұйымдастырылып, мектеп-лицейдің басшылығы, жаттықтырушылар, бірлестік жетекшілері мен мұғалімдер қатысты.
Мектеп-лицей директоры Жасұлан Айтжановтың айтуынша, жоба аясында мектеп-лицейде жүргізілген жұмыстар оқушылардың білім алуымен қатар, шығармашылығын шыңдауға да жол ашып отыр. «Ұстаздарымыз біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасты, енді жаңаша жұмыс істеп жатыр. Бұрын тек теориямен шектелсе, енді практикалық жұмыс жүргізуге қол жетіп отыр. 107 педагог Түркістан қаласындағы НЗМ-де дайындықтан өтіп, қазір оқушылардың білім сапасын арттыру жолында еңбек етіп жүр. Ауданда 15 мектеп серіктес мектеп ретінде белгіленді. Қазір ұстаздарымыз сол оқу ордаларында сабақ өткізіп, білгенін үйретіп келеді. Басқа мектептерде STEM-лаборатория, арт-студия мен робототехника үйірмесі болмағандықтан, сабақ кестесі ыңғайлы болса, оқушылар мектебіміздегі үйірмелерге қатыса алады», деді Жасұлан Махамбетұлы.
«Білім беру бағдарламалары орталығы», «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен НЗМ мамандарының педагогтерге арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Дегенмен қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп атқаруда. Оқыту бағдарламаларын «Назарбаев Зиякерлік Мектептері» ақысыз өткізеді. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба операторы – Білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатына өтейді.