Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мәселесін көздейтін коммерциялық емес ұйым. 2019 жылдан бастап серіктестер мен демеушілердің қолдауымен және НЗМ-мен бірлесіп «Ауыл мектебі» білім беру бағдарламасы ашылған еді. Бағдарлама оқытудың сапалы әдістемелерін енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттырумен және мектептерді физика, химия, биология, информатика, инженерия, робототехника кабинеттерімен, кітапханалармен және т.б. жабдықтаумен айналысады.
«Еліміздегі мектептердің 71%-ы – ауыл мектептері. Біз ауылдық жерлерді сапалы біліммен толықтай қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін осы қорды құрдық. Бағдарлама аясында біз еліміздің үздік оқу орындарының әдістемелерін ұсына отырып, ауыл мектептерін қолдаймыз. Сондай-ақ жеке демеушілік қаражат есебінен жаңа модификациялық үлгідегі кабинеттермен толық жабдықтаймыз. 2019 жылдан бері 5 ауылдық мектептегі 70 кабинетті жабдықтадық, 300-ге жуық мұғалім еліміздегі үздік педагогтердің тренингтері мен шеберлік сыныптарына қатысты. Бір мектепке шамамен 250 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінеді», – дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жоба өкілдерінің айтуынша, бағдарлама еліміздің 3 ауданындағы 5 мектепте табысты жүзеге асырылды. 800 млн. теңгеге жуық жеке демеушілік қаражат жұмсалды. Осының арқасында 3000 оқушы сапалы білім алуға қол жеткізді. Жоба іске асқан 3 жылда бұл мектептердегі білім беру сапасының пайызы едәуір өсіп, оқушылар халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие бола бастады. Мұғалімдердің кәсіби дағдылары мен қабілеттеріне деген сенімділігі артып, сапалық көрсеткіші жоғарылады. Нәтижесінде Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры әзірлеген мектептерді жаңғырту моделі «Қазақстан халқына» қоры тарапынан қолдау тапты. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын НЗМ-мен бірлесіп іске асыру кезінде еліміздің 17 облысындағы 17 мектепке әдістемелік және материалдық көмек көрсетілді. Бөлінген қаражат тек жаңа модификациялық үлгідегі кабинеттерді жабдықтауға бағытталады. Ал оқу бағдарламалары мен әдістемелік қолдауға арналған операциялық шығындарды қор өз мойнына алады.
«Қазақстан халқына» қоры жобаларды қаржыландыру барысында өзінің қағидаттарын қатаң ұстанады. Бүгінгі меморандумға Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры іске асырған бағдарламалар есебін қатаң талдау негізінде қол қойылды. «Ауыл мектебі» жобасы аясындағы ынтымақтастық кезінде біз тиімді модельді көріп және оны басқа аудандарға да енгізу керек деп шештік. Бұл әлеуметтік маңызы зор бастама ауылдық жерлердегі білім беру мен өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі», – дейді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
«2019 жылдан бастап біз қор және серіктестермен бірлесіп, «Powered by NIS ауыл мектебі» атты үлкен жобаны іске асырып үлгердік. Бағдарлама аясында 5 ауылдық оқу орнына мектепті басқару әдістемесін кешенді түрде енгіздік және жергілікті қоғамдастықпен байланысты күшейттік», – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауының арқасында Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жобадағы мектеп санын 5-тен 22-ке дейін ұлғайтып, еліміздің жаңа аудандарындағы білім мүмкіндіктерін арттыра алады. Бұл – қордың стратегиялық жоспарына сәйкес қайта жасақталатын 17 тірек мектебі. Біздің мақсатымыз – 2026 жылға дейін еліміздің 164 ауданын қамту. Осы мақсат жолында серіктестер мен демеушілерге ынтымақтастық құруға дайынбыз. Өз жұмысымызда біз тұрақты даму тұжырымдамасын, жүйелілік пен ашықтық қағидаттарын ұстанамыз», – дейді қордың ортақ құрылтайшысы Ксения Верба.
Айта кетсек, бағдарлама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Ғылым академиясының қолдауымен жүзеге асырылады.