Жаңалықтар ФУРО

FURO серіктестер клубының кездесуі өтті

15 маусым күні Астана халықаралық мектебінде (ISA) FURO серіктестер клубының кездесуі өтті. Кездесуде 30-дан аса білім беру саласындағы компания мен ұйым өкілдері бас қосты. Олар ISA мектебі бойынша жасалған экскурсияға қатысып, мектеп жұмысымен танысты. Кездесудің маңызды бөлігінде 16-17 қазан күндері қордың ұйымдастыруымен өтетін Connected конференциясы туралы презентация жасалды.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры интеграция бағдарламаларының жетекшісі Әлібек Хамидуллиннің айтуынша, FURO серіктестер клубының қор үшін маңызы өте үлкен.
«Клубтың басты мақсаты – білім саласында жүрген компаниялар мен ұйым өкілдерінің басын қосып, бір ортада біріктіру. Мұнда серіктестер бір-бірімен жеке танысып, ақпарат алмаса алады. Клубтың алғашқы кездесуі қордың қабырғасында өтті. Екінші кездесуде iQanat-қа бардық. Міне, бүгін үшіншісінде International school of Astana-да жиналып тұрмыз. Халықаралық бакалавриат IB бағдарламасы бойынша оқытатын бұл мектепке білім саласында жүрген азаматтардың қызығушылығы жоғары. Сол себепті мектепті өздері көріп, алдағы жоспарларымен таныссын деген ой болды”, – деді Әлібек.
Клубтың келесі кездесуі шілде айында қор тарихы алғаш бастау алған Катонқарағай өңірінде өтеді деп жоспарланып отыр. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры ауылдық аймақтардағы білім сапасын арттыру бағытында серіктестермен алда әлі де үлкен жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.