Жаңалықтар ФУРО

Жамбылда тағы 2 тірек мектеп таныстырылды

Биыл Жамбыл облысындағы екі мектеп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына кірген. Бүгін олардың ресми таныстырылымы болып, арнайы қонақтар қатысқан салтанатты жиын өтті. «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының бірлескен жобасы аясында әр тірек мектебі толықтай жаңартылды. Сондай-ақ қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздарға арналған тағылымдамасы да басталып кетті.
Мойынқұмдағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектеп 1979 жылы пайдалануға берілген. Ол 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, тірек мектептерді дамыту жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Облыс орталығынан шалғай орналасқан мектептің сыйымдылығы 784 адамға арналғанымен, қазір онда 479 оқушы білім алып жатыр.

Таныстырылымға Жамбыл облысы әкімі Ерлан Қарашөкеев қатысты. Ол аймақта жасалған жұмыстарға тоқталып, ауыл балаларына көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында. Бүгінде бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан біздің мақсат – оқыған, озық ойлы азаматтарды тәрбиелеу. Облысымызда адам капиталын дамытудың негізі саналатын білім саласына айрықша назар аударылып келеді», – деді облыс әкімі.
Т. Рысқұлов атындағы мектепте 70 педагог сабақ береді. Олар кезең-кезеңімен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қарқынды оқу бағдарламасына қатысады. Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Абдрахманованың айтуынша, тамыз айында тірек мектептермен ортақ іс-шаралар жоспары бекітілген.

«Жоспарға сәйкес, біз 3 жыл көлемінде оқыту процесіне әдістемелік қолдау көрсетеміз. Қыркүйек айының алғашқы аптасында физика, химия, биология сияқты пәндердің мұғалімдеріне жаңадан жеткен құрал жабдықтармен жұмыс істеуді үйреттік. Олар әртүрлі зертханалық жұмыстар жасауды бастап кетті», дейді Қаракөз Ізбасарқызы.
«Қазақстан халқына» қоры мектепке 250 млн теңгеге жуық қаражат бөліп, оған 36 кабинет жабдықталды. Олардың ішінде робототехника, STEM-лаборатория, арт-студия мен киностудия сынды қосымша білім беру сыныптары да бар.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы оқыту жүйесіне жаңа әдістер әкеліп, ауыл баласының жоғары деңгейде білім алуын көздейді. Былтыр еліміздің 17 аймағында 17 тірек мектебін жобаға қоссақ, биыл ол 63 мектепке артып отыр. Бүгін Мойынқұм мен Жосалыдағы білім мекемелері тірек мектебі ретінде жұмысын бастады», – дейді Ләззат Шыңғысбаева.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Жамбыл облысында осымен үшінші мектепті тірек мектептер желісіне қосты. Осы тұста қор жетекшісі Данияр Тоқтарбаев Жамбыл өңіріндегі жоспарларға тоқталды.

«Біз келесі жылы аймақтың тағы 8 мектебін тірек мектептер желісіне қосамыз. Үлкен мақсатымыз – еліміздің әр ауданында кемі бір мектептен ашу. Ал бұл білім ордалары жақын орналасқан шағын жинақты мектептерге өз тәжірибесімен бөліседі. Нәтижесінде, ең шағын деген ауылдағы балалардың да сапалы білімге қолы жетеді», дейді қор директоры.
Осымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының 21 мектебі таныстырылды. Серіктестер 2024 жылдың соңына дейін еліміздің әр ауданы мен моноқаласында 200 тірек мектебін ашуды көздеп отыр.

Айта кету керек, бұл жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асып отыр.