Жаңалықтар ФУРО

Білім күні Ақмола облысында тірек мектептер таныстырылды

Жаңа оқу жылында Ақмола облысының Зеренді және Астрахан ауылдық мектептері заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. 1 қыркүйек Білім күніне орай мектептерде ашық есік күні өтті.
Бұл тірек мектептер – «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушылары.
Облыстың бір мектебіне 250 миллион теңгеден бөлініп, олардың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.

Жобаның мақсаты - ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жоюға жәрдемдесу.

Астрахан ауылы №1 жалпы білім беру орта мектебінде 18 кабинет жаңғыртылды, биыл 344 оқушы оқиды. Ал Зеренді ауылының Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясында 34 кабинет жаңартылды, 304 бала білім алады.
Әр мектепте мектепалды даярлық сыныптарынан бастап, бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін арнайы жабдықталған физика, химия, биология, информатика кабинеттері, қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері, сонымен қатар робототехника, ART-студия, STEM-зертхана, Intellectum кабинеті, музыка және телестудия кабинеттері ашылды.
Материалдық-техникалық жабдықтаудан бөлек, мектептің педагогикалық ұжымына оқыту бағдарламалары мен әдістемелік қолдау көрсетіледі. Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып, тірек мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалады. Бұл әдістемелік қолдау алдағы 3 жыл бойы жалғасады.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның 56 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылады. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Оның мақсаты — ауыл және қала мектептері арасындағы білім теңсіздігін жою. «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі демеушілік ететін жобаның операторы — Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры. Ал жобаның академиялық бөліміне жауапты бас серіктес — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ.