Жаңалықтар ФУРО

Ұлан ауданындағы мектеп Шығыс Қазақстандағы «Үздік ауыл мектебі» атанды

Шығыс Қазақстан облысында республикалық «Ауыл дарыны» олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды. Кезең қорытындысы бойынша «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасының қатысушысы, Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп үздік деп танылды.

Ауыл балалары қатысқан республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі онлайн форматта өтті. 9-11 сынып оқушылары жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағытты қамтитын 13 пәннен тест тапсырмаларын орындады.

Бірінші кезеңде Р.Мәрсеков мектебінен 62 оқушы қатысып, оның 27-сі облыстық кезеңге жолдама алған еді. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша алты оқушы жүлдегер болып, тағы төрт оқушы олимпиада жеңімпазы атанды. Мектептің мұндай көрсеткіші байқау ұйымдастырушыларының да назарынан тыс қалған жоқ. Олимпиада нәтижесі бойынша Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп «Үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алды.

Облыстан озып шыққан мектептің 4 жеңімпазы енді 20-27 қаңтар аралығында Астана қаласында өтетін олимпиаданың республикалық кезеңінде бақ сынайды.

Еске сала кетсек, Р.Мәрсеков атындағы орта мектеп – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Назарбаев Зияткерлік мектептері, AITAS холдингі және оның негізін қалаушы С.Толықпаев бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Powered by NIS ауыл мектебі» жобасының қатысушысы.