Жаңалықтар ФУРО

Елімізде тағы 111 тірек мектеп жұмысын бастайды

Алдағы бірнеше жылда елімізде тағы 111 тірек мектеп жұмысын бастайды. Ауыл мен қаладағы негізгі білім деңгейін теңестіру бағытындағы «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы Қазақстанның әр ауданы мен моноқаласына жетеді. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қорының басқарма басшысы Б. Жәмішев хабарлады.

«Елімізде барлығы 191 аудан мен моноқала бар. Біз олардың сексенінде өткен екі жылда тірек мектептердің жобасы бойынша жұмыс атқарып келеміз. Назарбаев зияткерлік мектептері бұл аймақтардағы тірек мектеп ұстаздарын оқытып жатыр. Әлі 111 аудан мен моноқала бар. Биыл қанша мектепті қамти алатынымызды қарап, алдағы бірнеше жылдан барлық 111 оқу орынын тірек мектептерге айналдыруымыз керек», - деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма басшысы.

Жоба білім сапасын арттырып, озық педагогикалық тәжірибені енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Материалдық-техникалық жабдықтаудан бөлек, мектептің педагогикалық ұжымына оқыту бағдарламалары мен әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Еске салсақ, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқы» қоры және Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы. Қордың барлық операциялық шығындарын AITAS холдингі көтереді.